21 қарашада еліміздің қай өңірлерінде жаңбыр мен қар жауады

Бүгін, 21 қарашада Қазақстанның бірқатар аймағында ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі.

Синоптиктер көктайғақ пен желдің күшеюі мүмкін екенін ескертеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Елордада жауын-шашын күтілмейді. Астанада түнде ауа температурасы −4…−6 градусқа дейін төмендеп, күндіз +4…+6 градусқа дейін көтеріледі. Қалада тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Алматыда күн ашық. Түнде +4…+6, күндіз +14…+16 градус жылы болады. Ал Шымкентте күндіз ауа температурасы +18…+20 градусқа жетеді. Қалада жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен кей аудандарда тұман түседі. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында көктайғақ болжанып отыр. Солтүстік және шығыс өңірлердің жекелеген аудандарында түнде күн −13 градусқа дейін суытады. Қарағанды облысының оңтүстігінде түнде жаңбыр аралас қар жауып, күндіз жаңбыр күтіледі.

Еліміздің батысында да жауын-шашын болады. Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр жауады. Ақтөбе облысының кей жерлерінде түнде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Батыс Қазақстан облысында жел екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.

Жамбыл мен Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауады. Түркістан облысында жауын-шашынмен қатар найзағай күтіледі. Алматы облысында күн ашық болғанымен, көршілес Жетісу облысындағы Алакөл маңында жел күшейеді. Мұнда желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін жетуі ықтимал.