Алайда прокуратура тексеру жүргізіп, бірқатар маңызды құжаттың жоқ екенін анықтағаннан кейін тендерді тоқтатуға тура келген, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Мемлекеттік сатып алуда миллиардтаған қаржының тағдыры бір ғана құжатқа тіреліп қалуы мүмкін. Астрахан ауданындағы жол жөндеу жұмыстарына қатысты жағдай соның тағы бір мысалы.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, аудан аумағындағы автомобиль жолдарын жөндеуге арналған мемлекеттік сатып алуды өткізу жоспарланған. Оның жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құраған.
Алайда сатып алуды жариялау кезеңінде жұмыстың көлемі мен құнын нақты негіздейтін қажетті құжаттар толық болмаған.
Атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болмаған және жоспарланған жұмыстардың құны тиісті деңгейде экономикалық тұрғыдан негізделмеген.
Бұл жерде мәселе жай ғана техникалық кемшілікке келіп тірелмейді. Жол жөндеу сияқты қомақты қаржы талап ететін жұмыстың нақты көлемі, құны мен техникалық параметрлері алдын ала құжаттармен негізделуі тиіс. Ал мұндай негіздемелерсіз миллиардтаған теңгені мемлекеттік сатып алуға шығарудың өзі бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін туындатады.
- Прокуратураның араласуынан кейін 1,6 млрд теңгелік мемлекеттік сатып алу тоқтатылып, күшін жойды. Яғни бюджеттен қомақты қаржы жұмсалмай тұрып, жоспарланған сатып алудың заң талаптарына сәйкестігі қайта қаралған, - дейді Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Тексеру нәтижесінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұл оқиға жол жөндеуге бөлінетін қаражаттың өзінен бұрын оны жоспарлау мен негіздеудің қаншалықты маңызды екенін тағы көрсетті. Себебі миллиардтаған теңге айналатын мемлекеттік сатып алуда жобалық құжаттама, сараптама қорытындысы және экономикалық негіздеме қатар жүруі тиіс.
Астрахан ауданындағы жағдайда прокуратура дәл осы талаптардың сақталуына назар аударып, тиісті шара қабылдады. Нәтижесінде құны 1,6 млрд теңге болатын сатып алу өткізілген жоқ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы