Баласы бірнеше күн бойы жөтелген ата-аналар кейде антибиотик беруге асығады. Дегенмен мұндай дәрілер вирустық инфекцияларға әсер етпейді және оларды дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ескертті.
Ведомство мәліметінше, антибиотиктер бактериялық инфекцияларды емдеуге арналған. Ал тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың қоздырғыштарына әсер етпейді.
Антибиотиктерді негізсіз қолдану бактериялардың дәріге төзімділігін арттыруы мүмкін. Соның салдарынан кейін бактериялық инфекция пайда болған жағдайда оны емдеу қиындайды.
Бұдан бөлек, мұндай препараттарды өз бетінше қабылдау аллергиялық реакциялар мен басқа да жағымсыз әсерлерге әкелуі ықтимал.
Дегенмен кейбір жағдайда вирустық инфекциядан кейін бактериялық асқынулар дамуы мүмкін. Мұндай кезде антибиотиктің қажет-қажет еместігін науқастың жағдайын бағалаған дәрігер шешеді.
Мамандар жөтел ұзаққа созылғанда немесе науқастың жағдайы нашарлағанда өз бетінше дәрі қабылдамай, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.