Егер кассада тауар құны қымбат болып шықса, тұтынушы баға айырмашылығын түзетуді талап ете алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мұндай жағдайда азаматтардың қандай құқықтары бар екенін түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, кейде дүкен қызметкерлері бағаның өзгергенін, бірақ сөрелердегі баға белгілерін ауыстырып үлгермегенін алға тартады. Алайда бұл сатып алушының көрсетілген бағамен тауар алу құқығын шектемейді.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабына сәйкес, сатушы тауарды сауда орнында көрсетілген бағамен сатуға міндетті.
Егер кассадағы баға сөредегі бағадан жоғары болса, алдымен тауар мен оның баға белгісін суретке түсіріп алған жөн. Кейін дүкен әкімшісін шақырып, бағаны түзетуді талап етуге болады.
Дүкен қызметкерлері талапты орындаудан бас тартса, сатып алушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына шағымдана алады.
Комитет өкілдері сатып алушыларға төлем жасамас бұрын чекті тексеріп, ондағы бағаны сөреде көрсетілген құнмен салыстыруға кеңес береді.