Мексика әскери күштері Синалоа штатында есірткі саудасымен айналысқан ірі қылмыстық топтың жетекшісі Фаусто Исидро Меса Флоресті, яғни «Эль Чапо Исидроны» ұстады. Операция 20 қарашаға қараған түні жүргізілген. Онымен бірге қылмыстық ұйымның тағы екі басшысы қолға түсті. Меса Флорес АҚШ Федералдық тергеу бюросының (FBI) ең көп іздеудегі он қылмыскерінің тізімінде болған.
АҚШ билігінің мәліметінше, ол 20 жылдан астам уақыт бойы героин, метамфетамин, кокаин және марихуананы АҚШ аумағына заңсыз жеткізумен айналысқан. Оны ұстауға көмектесетін ақпарат үшін АҚШ билігі 5 миллион долларға дейін сыйақы жариялаған. Меса Флорес «Бельтран Лейва» есірткі картелінің жетекшілерінің бірі саналған.
Арнайы операциядан кейін Синалоа штатында қарулы қақтығыстар басталып, бірнеше жолда көліктер өртеніп, қозғалысқа кедергі жасалды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда Гуасаве қаласындағы бейсбол ойыны кезінде атыс басталып, көрермендердің қауіпсіз жерге қашқаны көрінеді.