Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің қазіргі уақытта экономикалық майданда күрделі жағдайды бастан өткеріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл күрес зымырандар қолданылып, қираулар орын алатын соғыстан да қиын. Президент елдегі өндіріс пен инвестицияны тоқтатпай, экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін кәсіпкерлер мен инвесторларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Пезешкиан жыл сайынғы капитал нарығы конференциясында сөйлеген сөзінде АҚШ пен Израиль бастаған соғысқа тоқталып, Иранға қысым көрсету әрекеттеріне қарамастан, халықтың бұған жол бермегенін айтты.
Президент қыс айларында энергетикалық ресурстарды тиімді басқару маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, электр энергиясын шектеу қажет болған жағдайда, өнеркәсіп кәсіпорындары ең соңғы кезекте қалуы тиіс. Сонымен қатар ол шығынға батқан мемлекеттік компаниялардың жұмысын қайта қарауды, тиімсіз басшыларды қызметінен босатуды және тауар бағасы мен өндіріс шығындары арасындағы тепе-теңдікті сақтауды тапсырды.