АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен қол алысып тұрған суретін жариялап, оны «Менің досым» деп атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жазба 21 қарашада Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында пайда болды.
Суретте екі елдің басшысы қол алысып тұр. Трамп Путинге қарай еңкейген, ал Ресей президенті күлімсіреп тұрғаны байқалады. Фотосуреттің жоғарғы жағына ағылшын тілінде «My Friend» («Менің досым») деген жазу орналастырылған.
Аталған сурет 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясындағы кездесуде түсірілген. Сол күні Трамп Путинмен және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізген.
Бұл АҚШ президентінің Путинді алғаш рет досым деп атауы емес. 19 қарашадағы кездесуде Трамп бөлмеге кірген кезде Ресей президентін нұсқап, жанындағылардан «Бұл кім?» деп сұраған. Артынша өзі «Ол – менің досым» деп әзілдеген. Екі елдің басшысы күліп, қол алысқан.
Кездесу барысында Трамп Путинмен көп жылдан бері таныс екенін айтып, екі ел арасындағы келіссөздер оң нәтиже береді деген үмітін білдірген. Тараптар Украинадағы соғыс пен Вашингтон және Мәскеу арасындағы қарым-қатынас мәселелерін талқылаған.
Трамп Truth Social парақшасында Путинмен түскен суреттен бөлек, Си Цзиньпинмен кездесуден де фотосуреттер жариялаған. Қытай басшысымен бірге түскен кадрлардың біріне «Достар» деген жазу қалдырған.
Сондай-ақ АҚШ президенті 1945 жылғы Ялта конференциясына қатысқан Иосиф Сталин, Франклин Рузвельт және Уинстон Черчилльдің суретін өзінің Путин және Си Цзиньпинмен бірге түскен фотосымен салыстыратын коллаж жариялады. Оған «Ұлы державалар. 1945, 2026» деген жазу қойылған.
Трамптың Путинді досым деп атауы АҚШ-та да пікірталас туғызды. Демократиялық партия өкілдері Ресейдің Украинаға қарсы соғысын еске салып, мұндай мәлімдемені сынға алды. Кейбір республикашыл саясаткерлер де Мәскеуге қатысты қатаң ұстаным қажет екенін айтты.
Соған қарамастан Трамп Путинмен жеке қарым-қатынасын жоғары бағалайтынын мәлімдеген. Дегенмен Ресей президентін АҚШ-тың досы деп санай ма деген сұраққа нақты жауап бермеген.