Израильдің іскерлік және сарапшылық топтары Қазақстан Президенті Жолдауының басым бағыттарын қолдайды

Тель-Авивте Қазақстан Елшілігі мен Израиль Экспорт институты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараға инновациялар агенттігінің, сауда-өнеркәсіп палатасының, «Shoval Vantage», «Mekorot», «IsraTrade», «M.O.S.», «AuxBridge» компанияларының өкілдері, сондай-ақ журналистер, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алғы сөзінде Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиев Жолдаудың негізгі ережелерін таныстырып, Мемлекет басшысының елді одан әрі орнықты дамыту жөніндегі пайымына қатысушылардың назарын аударды. Атап айтқанда, экономиканы және инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық ахуалды жақсарту, энергетикалық және су қауіпсіздігін нығайту, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ озық технологияларды тарту мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Осы тұрғыда қазақстандық дипломат 1–3 қарашада Израильде өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссияның 10-отырысының қорытындыларына тоқталып, Жолдауда белгіленген басымдықтар мен сауда-экономикалық бағыттағы қазіргі екіжақты диалогтың өзара байланысын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның су инфрақұрылымын нығайту және су үнемдеу саласындағы үздік шетелдік технологияларды енгізу, екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, цифрлық жобаларды іске асыру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына озық израильдік технологиялар мен инвестициялар тарту міндеттері сөз болды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Президенті Жолдауының негізгі ережелерінің өзектілігін атап өтіп, олардың Қазақстан мен Израиль арасындағы екіжақты күн тәртібінің басым мәселелерімен үндесетінін жеткізді. Сонымен қатар белгіленген бастамаларды бірлесіп іске асыруға мүдделілік білдірді.

Израиль Экспорт институтының халықаралық іскерлік байланыстар жөніндегі бас директорының орынбасары Сабин Сигаль Мемлекет басшысының бастамаларына жоғары баға бере отырып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын атап өтті. Ол екі елдің іскер топтары арасында практикалық өзара іс-қимылды жолға қоюға, оның ішінде «Халықтық құрылыс» жобасын іске асыруға, сондай-ақ жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, су ресурстарын басқару және жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы салаларында қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Израильдік сарапшы Аркадий Дубнов Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінің тарихи маңызына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, ел саяси және экономикалық тарихындағы бетбұрысты кезеңде тұр. Ол халықаралық инвестициялар, компаниялар мен экономикалық инновациялар үшін ашықтыққа бағытталған қазіргі саясат ауқымды міндет әрі еліміздің дамуындағы жаңа маңызды кезең болып табылатынын атап өтті.

Институционалдық инвестор Давид Катан Жолдауда баяндалған бастамаларға қатысты пікір білдіре отырып, израильдік іскер топтардың Қазақстандағы перспективалы инвестициялық жобаларға қатысуға мүдделі екенін жеткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.