Партия Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Құжат 303 іс-шараны қамтиды.
Олардың орындалуын қадағалау үшін цифрлық мониторинг құралдары енгізіліп жатыр. Партияның қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапты.
Партиялық бақылау барысында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілді. Сондай-ақ партия сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін және тапсырмалардың орындалуын қадағалауға арналған «Әділет.365» цифрлық жүйесін іске қосты.
Кездесу соңында Құрылтайдың заң шығару қызметі мен партия жұмысының алдағы басымдықтары талқыланды. Президент тапсырмаларын іске асыру, сайлауалды міндеттемелерді орындау және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдау мәселелеріне баса мән берілді.