Ыстамбұлда тұрғын үйлердің маңынан арыстан көрінді: полиция жыртқышты іздеп жатыр

Түркияның Ыстамбұл қаласында тұрғын үйлердің маңынан арыстан көрініп, жұртты әбігерге салды. Жыртқыштың жүргені бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Қазір полиция мен арнайы мамандар оны іздестіріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, оқиға 22 қараша күні кешке Ыстамбұлдың Еуропа бөлігіндегі Ускумрукөй ауданында болған. Орман алқабына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының бірі арыстанды байқап, тиісті қызметтерге хабар берген. Кейін қауіпсіздік камераларындағы жазбалардан жыртқыштың шөп басқан аумақпен жүріп өткені анықталған.

Оқиға қала тұрғындарын алаңдатты. Өйткені Ыстамбұлдың солтүстік бөлігіндегі бұл ауданда жеке тұрғын үйлер орналасқан, ал арыстанның қайдан келгені әзірге белгісіз.

Ыстамбұл губернаторлығы жануардың жүрген жері анықталғанын және оны тірідей ұстау үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлерімен бірге табиғатты қорғау мамандары, ветеринарлар және Ұлттық парктер басқармасының өкілдері жұмылдырылған.

Жыртқышты табу үшін жылу бейнесін көрсететін арнайы камералар да пайдаланылып жатыр. Мұндай құрылғылар жануарды қараңғыда немесе ағаштардың арасынан байқауға мүмкіндік береді.

Түркияның Demirören ақпарат агенттігі жариялаған бейнежазбада арыстанның ашық алаңмен жүргені көрінеді. Мамандар оның ұрғашы арыстан екенін анықтаған.

Жергілікті ақпарат құралдары жыртқыштың жақын маңдағы жеке үйлердің бірінен қашып шығуы мүмкін екенін жазды. Дегенмен бұл болжам әзірге ресми түрде расталған жоқ. Арыстанның бұрын қайда ұсталғаны және оның иесі кім екені де белгісіз.

Құзырлы органдар тұрғындарға сақ болуды ескертті. Мамандардың негізгі мақсаты – жануарды адамдарға қауіп төндірмей, тірідей ұстау.

Әзірге арыстанның адамдарға шабуыл жасағаны немесе біреудің зардап шеккені туралы ақпарат түскен жоқ.