Қазір елордада тұмау мен басқа да респираторлық инфекцияларға шалдыққандар көбейіп, ауруханадағы төсек-орын саны артты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған мәліметіне сәйкес, биылғы эпидемиялық маусым басталғалы Қазақстанда тұмаудың 297 жағдайы зертханалық жолмен расталған. Оның 295-і – A(H1N1), қалған екеуі В типті тұмау.
Аталған вирус елордада да анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі 9 қазанда Қазақстанда A(H1N1)pdm09 тұмауының алғашқы бес жағдайы тіркелгенін хабарлаған еді. Сол кезде үш науқас Астанада, екеуі Маңғыстау облысында анықталған.
Ал қарашада елордадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтілді. Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімханов 21 қарашада өткен брифингте қалада ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандар саны маусымдық кезеңге байланысты артып отырғанын мәлімдеді.
Сол күнгі мәлімет бойынша, Астана ауруханаларында ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 адам емделіп жатқан. Олардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
Бұдан бөлек, елордадағы медициналық ұйымдарда 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдауды бастаған. Олардың арасында 1 551 бала мен 20 жүкті әйел бар. Тағы 4 559 адам ЖРВИ диагнозымен емханалардың бақылауында болған.
Науқастар санының артуына байланысты қалада ауруханалардағы төсек-орын қоры көбейтілді. Емханаларда тыныс алу жолдарының инфекциясы бар адамдарды басқа келушілерден бөлек қабылдайтын арнаулы кабинеттер жұмыс істеп жатыр. Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін ашық.
Шошқа тұмауы қаншалықты қауіпті?
A(H1N1) – 2009 жылы әлемге кең тараған тұмау вирусының түрі. Қазір оның A(H1N1)pdm09 нұсқасы маусымдық тұмау вирустарының бірі ретінде айналымда жүр. Сондықтан оның анықталуы Қазақстанда жаңа, бұрын белгісіз инфекция пайда болды дегенді білдірмейді.
Бұл тұмаудың белгілері басқа маусымдық тұмауға ұқсайды. Науқастың дене қызуы көтерілуі, басы мен бұлшық еттері ауруы, жөтел, тамақ ауруы және әлсіздік байқалуы мүмкін. Кейбір адамдарда ауру асқынып, өкпенің қабынуына әкелуі ықтимал.
Әсіресе, бес жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар тұрғындар асқыну қаупі жоғары топқа жатады.
Дегенмен A(H1N1) жұқтырғандардың барлығы ауыр жағдайда ауруханаға түседі деген сөз емес. Аурудың өтуі адамның жасына, денсаулық жағдайына және басқа да факторларға байланысты.
Қазақстанда эпидемия басталды ма?
Денсаулық сақтау министрлігі елдегі жағдайды маусымдық деңгейге сәйкес деп бағалап отыр. Ведомствоның 23 қарашадағы мәліметінше, соңғы бір аптада ЖРВИ-дің 133 052 жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 6,8 пайызға аз.
Ал 1 қыркүйектен бері елімізде ЖРВИ жұқтырудың 1 453 967 жағдайы анықталған. Министрліктің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғалы сырқаттанушылық өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3 пайызға төмен.
Қазір Қазақстан бойынша инфекциялық науқастарға арналған 13 335 төсек-орын дайындалған. Олардың 63 пайызы бос емес. Ал балаларға арналған орындардың 69,4 пайызы қамтылған.
Тұмауға қарсы екпе алғандар саны 2 миллионнан асты. Астанада 21 қарашадағы жағдай бойынша, 143 619 адам вакцина салдырған. Олардың 29 592-сі – бала.
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға ауру белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, қажет болса дәрігерге қаралуға кеңес береді. Мамандар өз бетінше емделмеуді, қолды жиі жууды, бөлмені желдетуді және науқас адамдармен жақын байланыстан аулақ болуды ұсынады.
Қазіргі уақытта Астанада шошқа тұмауының нақты қанша жағдайы тіркелгені жөніндегі жаңартылған жеке статистика жарияланған жоқ. Сондықтан елордадағы ЖРВИ және тұмаумен ауырған 313 науқастың барлығын A(H1N1) вирусын жұқтырғандар деп есептеуге болмайды.