Әлемдік шахмат тәжіне Үндістан өкілі Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық Жавохир Синдаров таласады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
22 қарашада БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтері – Ұлттар сарайында өткен салтанатты шараны ұйымдастыруға Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі атсалысты. Швейцария 2004 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионы атағы үшін өтетін шахмат матчын қабылдап отыр.
Чемпионаттың баспасөз мәслихаты Ұлттар сарайындағы Қазақстан залында ұйымдастырылды. Бұл зал 2013 жылы сол кезде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары әрі ұйымның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған болатын.
Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан шахмат пен дипломатияның ортақ тұстарына тоқталды.
– 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың өтуіне орай сіздерді Ұлттар сарайында қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан үшін шахмат жай ғана спорт түрінен әлдеқайда биік. Шахмат пен дипломатияның арасында табиғи байланыс бар. Екеуі де стратегиялық ойлауды, сабырлылықты, көрегендік пен ережелерге құрметпен қарауды талап етеді. Ең бастысы екеуі де әртүрлі көзқарастарды түсінудің және бір-біріне сыйластықпен қараудың маңыздылығын еске салады, – деді Ержан Қазыхан.
Биылғы чемпиондық матчтың басты ерекшелігі – екі қарсыластың да небәрі 20 жаста болуы. Бұған дейін классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін мұндай жас ойыншылар кездеспеген.
Қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу алдағы бәсекенің оңай болмайтынын айтты.
– Матчқа бұрынғыдан әлдеқайда тәжірибелі болып келгенімді сезінемін. Бірақ білесіз бе, бірінші партия үшін үстел басына отырған сәтте осы уақытқа дейін болғанның бәрі ұмытылады деп ойлаймын. Бұл – мүлде басқа матч, мүлде басқа қарсылас, басқа орын. Мен өзге дүниелер туралы көп ойламаймын, тек осы он төрт партияда барымды салуға тырысамын. Жавохир Синдаров қазіргі таңда бабына енген ең мықты ойыншылардың бірі екені сөзсіз. Бұл нағыз сынақ болмақ, – деді ол.
Ал өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаров әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Бұл тәж үшін бақ сынайтыныма өте қуаныштымын. Матчтан шынайы қуаныш алуға тырысамын, бәсекенің өте ауыр болатынын білемін. Бұл менің алғашқы тәжірибем, дегенмен қандай жағдай болмасын, бақыттымын. Кейбір шахматшылар өмір бойы ойнаса да, тәж үшін таласу мүмкіндігіне ие бола алмайды. Сондықтан бүгін осындай мүмкіндік бұйырғанына қуаныштымын, – деді Жавохир Синдаров.
Әлем чемпионы атағы үшін матч классикалық уақыт бақылауымен 14 партиядан тұрады. Алғашқы ойын 24 қарашаға жоспарланған. Кездесулер Швейцарияның Колоньи елді мекеніндегі Мартин Бодмер қорында өтеді.
Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 2,5 миллион доллар.