Қазір жігіт ауруханада ем қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, оқиға 20 қараша күні кешке Құлагер шағын ауданында болған. Ойын-сауық орнынан мас күйде шыққан ер адам екі қызға тиісіп, мазасын алған. Мұны байқаған Нұралла есімді жігіт қыздарға араша түспек болған. Бірақ арада жанжал туып, ер адам студентке пышақ сұққан.
«Ер адам жігітті оңаша жерге шақырып, үш рет пышақ сермеген. Жігіт күртесін ағытқанда, қанға боялғанын көрген», – делінген желіде тараған ақпаратта.
Нұралла – медициналық колледждің 4-курс студенті. Ол кеуде тұсы мен өкпесінен жарақат алған. Өкпе қуысына жиналған ауаны шығару үшін дәрігерлер арнайы түтік орнатқан. Қазір 18 жастағы жігіт ауруханада емделіп жатыр.
Қызылорда облыстық полиция департаменті оқиғаны растады. Ведомство мәліметінше, күдікті көп ұзамай ұсталған.
«Күдікті оқиға ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сот санкциясымен қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы Қызылорда облыстық полиция департаментінің бақылауында», – деді ведомство.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Алматыда курьердің түн ішінде әйелді зорлық-зомбылықтан арашалап қалғаны хабарланған еді. Подъезден шығып бара жатқан ол күзет бөлмесінен әйелдің көмек сұраған дауысын естіп, дереу көмекке ұмтылған.