Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазселденқорғау» мекемесінің экс-басшысы Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты жазасын өтеуден босату туралы шешімнің күшін жойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қарап, Алатау қалалық сотының шешімінде заң талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады.
Сот мәліметінше, Кәрім Көкірекбаевтың денсаулық жағдайы жазасын өтеуден босатуға негіз болмайды. Атап айтқанда, оның ауруының ауырлық дәрежесі Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген тиісті аурулар тізбесіндегі талаптарға сәйкес келмейді.
Осыған байланысты облыстық сот Алатау қалалық сотының қаулысын жойып, қылмыстық-атқару жүйесінің №57 мекемесі ұсынған Көкірекбаевты жазадан босату туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Сонымен қатар апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулы шығарды. Бұған олардың сотталған адамды жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды жасауы себеп болған. Тиісті қаулылар Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жолданды.
Сот жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды берген арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне де жеке қаулы жолдады.
Еске салайық, Кәрім Көкірекбаев бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бас бостандығынан айырылған. Кейін Алатау қалалық соты оны денсаулығына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулы қабылдаған болатын.
Алматы облыстық сотының апелляциялық қаулысы заңды күшіне енді.