Энергетика мен денсаулық сақтау заңнамасы жетілдіріледі

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен бюро отырысында алдағы Құрылтай отырысының күн тәртібі белгіленді.

Депутаттар бірінші оқылымда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты заң жобаларын, денсаулық сақтау саласы бойынша заңнамалық түзетулерді, сондай-ақ «БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Сонымен қатар бюро жаңа Азаматтық кодекс жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты заң жобалары мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе өзгерістер мен толықтыруларға Құрылтай депутаттары бастамашылық еткен. Заң жобалары Мемлекет басшы­сының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономи­калық бағдары» атты Жолдауын жүзеге асыру үшін әзірленген. Негізгі мақсаты – Қазақстан Рес­­публикасының жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын төмендету. Атап айтқанда, түзетулерге сәйкес, уәкілетті органға энергия сервистік шарттарды жоспарлау және іске асыру қағидаларын бекіту өкілеттігін беру көзделген. 

Сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы құзыретін кеңейту ұсынылады. Бұдан бөлек, бюджеттік ұйымдардың энергия тұтынуына мониторинг жүргізу тәртібін енгізу, талаптарды бұзған ұйымдарды арнайы тізімге енгізу және басқа да нормалар қарас­тырылған.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ден­саулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық қызмет­терді дамытуға және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық техно­ло­гияларды енгізуге бағытталған.

Ұсынылып отырған түзетулер медициналық туризмді дамыту тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың құқықтық негіз­дерін жетілдіруді және медициналық дербес деректерді қорғауды күшей­туді көздейді. Сонымен қатар Еура­зиялық экономикалық одақ ая­сын­дағы келісімдерді ескере отырып, дәрілік заттар мен меди­цинал­ық бұйымдардың айналымын құқық­тық реттеуді нақтылау, оларды мем­лекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіру ұсынылады.

Құрылтай «Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы; ақпараттық-коммуникациялық жүйелер пайдаланылып жасалатын белгілі бір қылмыстарға қарсы кү­­­ресте және елеулі қылмыстарға жа­та­тын электрондық нысандағы дә­лелдемелермен алмасуда халық­аралық ынтымақтастықты нығайту конвенциясын ратифика­циялау туралы» заң жобасын да қарайды. Конвенция ақпараттық-коммуни­кациялық жүйелерді пайдалану арқылы жасалатын жекелеген қылмыстарға қарсы күресте ха­лық­аралық ынтымақ­тастықты ны­ғайтуға, сондай-ақ ауыр қылмыс­тарға қатысты электрондық дәлел­демелермен алмасуға бағытталған. Қазақстан бұл құжатқа 2025 жылғы 25 қазанда қол қойған. Конвен­ция­ның негізгі мақсаты – кибер­қыл­мыстың алдын алу және оған қарсы күрестің тиімділігін арттыру.

Бұдан бөлек, бюро отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру аясында жаңа Азаматтық кодекс жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылданды.

Жұмыс тобының құрамына Құрылтайда өкілдік ететін барлық фракцияның депутаттары, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Судьялар одағының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, адвокаттар мен нотариустар, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың мүшелері енді. Жалпы, жұмыс тобы 35 адамнан тұрады.