ЕҰУ халықаралық диалог алаңына айналды

Астанада 35 елден 500-ден астам қатысушыны жинаған QS Eurasia Forum 2026 халықаралық форумы өтті.

Еуразия ұлттық университетінің алаңында ұйымдастырылған ауқымды жиынға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің өкілдері, халықаралық сарапшылар, оқытушылар және студенттер қатысты. Халықаралық білім кеңістігіндегі өзекті мәселелерді талқылаған форум ЕҰУ-дың академиялық байланыстарды дамытудағы, ғылым мен жоғары білім саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін айқындай түсті.

Форумды жоғары білім беру саласын­дағы зерттеулерімен танылған QS Quac­quarelli Symonds халықаралық сараптама­лық компаниясы мен қабылдаушы тарап ре­­тін­де Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті ұйымдастырды. Бұл – уни­верситеттің халықаралық академиялық кеңіс­тіктегі беделін нығайтып қана қоймай, Қазақ­станның жоғары білім саласындағы әлеуетін әлемдік қауымдастыққа танытуға бағытталған маңызды қадам.

Measuring What Matters («Маңызды нәтижелерді бағалау») ұранымен өткен форумда жоғары білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, түлектерді еңбек нарығын­дағы өзгерістерге бейімдеу, жасанды интеллектінің білім беру үдерісіне ықпалы, университеттер арасындағы білікті академиялық кадрлар үшін бәсекелестік мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Еуразия, Азия және Таяу Шығыс арасын­дағы білім, ғылым және өнеркәсіп сала­ларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өңіраралық инновациялық байланыстарды дамыту, Астана мен Ал­матының халықаралық білім беру орта­лықтарына айналу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Форумның мазмұны мен көтерілген мәселелер ЕҰУ-дың даму бағдарымен де тікелей үндеседі. Бүгінде университеттің алдында білім сапасын арттырумен қатар, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту, зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу, академиялық ұтқырлықты дамыту және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау міндеттері тұр. Осы тұрғыдан алғанда, әлемнің әр түкпірінен келген университет басшылары мен сарапшылардың басын қосқан халықаралық форум ЕҰУ үшін тәжірибе алмасудың ғана емес, жаңа серіктестіктер орнатудың да маңызды алаңына айналды.

Рейтингтер даму бағытын айқындауға мүмкіндік береді

Форум спикерлері қатарында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, QS компаниясы­ның президенті әрі негізін қалаушы Нун­цио Куакуарелли, Назарбаев универси­тетінің президенті, профессор Вакар Ахмад, Грузияның Білім, ғылым және жастар министрінің орынбасары, профессор Звиад Габисония, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, Citibank Kazakhstan басшысы Сәуле Жақаева және басқа да халықаралық сарапшылар болды.

Ғылым және жоғары білім минис­трі Саясат Нұрбек халықаралық рейтингтер­дің маңызына тоқталып, университеттер­дің жетістігі тек әлемдік тізімдердегі орны­мен емес, қоғам мен экономиканың дамуына қосқан нақты үлесімен өлшенуі керегін атап өтті.

«Рейтингтер – бедел немесе халықара­лық тізімдердегі жоғары орын үшін ғана қажет көрсеткіш емес. Университет жұмысының нақты нәтижесі оның өңірдің, қоғамның, елдің дамуына және азаматтар­дың өміріне қаншалықты ықпал ететінімен өлшенеді. Соңғы жылдары қазақстандық университеттердің халықаралық рейтинг­тердегі көрсеткіштері айтарлықтай жақ­сар­ды. Бұл жетістіктер жоғары білім беру саласында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсетеді», – деді министр.

Министрдің бұл пікірі форумның не­гізгі идеясының мәнін аша түсті. Өйткені бүгінгі университеттің бәсекеге қабілеттілігі оның халықаралық беделімен ғана емес, ғылыми зерттеулерінің нәтижелігімен, білім алушыларға ұсынатын мүмкіндік­терімен, түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысымен және ел дамуына тигізетін ықпалымен айқындалады. Осы орайда ЕҰУ-дың халықаралық рейтингтердегі нәтижелерін жақсарту, ғылыми әлеуетін арттыру және академиялық әріптестік аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарының маңызы зор.

Форумның басты ұйымдастыру­шы­ларының бірі әрі қабылдаушы тарап ретінде Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов халықаралық бағалаудың жоғары оқу орындары үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, рейтингтер университеттің әлемдік білім кеңістігіндегі орнын бағалауға, жетістіктерін саралауға және алдағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай көрсеткіштердің шынайы құндылығы университеттің күнделікті қызметіне, оқытушының кәсіби өсуіне, зерттеушінің ғылыми ізденісіне және студенттің білім алу сапасына ықпал еткенде ғана көрінеді.

Халықаралық жиын университеттің ғылыми және академиялық әлеуетін таныстырып қана қоймай, шетелдік жоғары оқу орындарымен тікелей байланыс орнатуға, бірлескен жобаларды талқылауға және білім беру мен ғылымдағы озық тәжірибелерді зерделеуге жол ашады. Әсіресе әлемдік университеттердің бас­шылары мен халықаралық сарапшылардың бір алаңда бас қосуы ЕҰУ-дың жаһандық академиялық желідегі байланыстарын тереңдетуге мүмкіндік береді.

Форумның негізгі тақырыбының бірі университеттерді басқарудағы деректердің рөлі мен оларды тиімді пайдалану мәселесі болды. Қатысушылар жоғары оқу орындары басшыларының қандай көрсеткіштерге басымдық беруі керектігін, қолда бар ақпаратты білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін жақсарту және университеттердің ұлттық эко­номиканың дамуына қосатын үлесін күшейту үшін қалай пайдалануға болаты­нын талқылады.

QS компаниясының президенті әрі негізін қалаушы Нунцио Куакуарелли қазіргі университеттерде деректер көлемінің артуы өздігінен тиімді шешім қабылдауға жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, табысты жоғары оқу орындары алдымен нақты мақсаттарын айқындап, содан кейін сол нәтижелерге жету жолындағы ілгерілеуін жүйелі түрде бағалауы қажет.

«Бүгінде Еуразия университеттерін­де бұрын-соңды болмаған көлемде деректер жинақталған. Алайда деректер санының артуы өздігінен тиімді шешім қабылдауға әкелмейді. Табысқа жететін университеттер алдымен студенттері мен экономика үшін қандай нәтижеге қол жеткізгісі келетінін айқындап, содан кейін сол мақсаттарға жету жолындағы ілгерілеуін жүйелі түрде бағалайды. Қазақстан жоғары білім берудің өңірлік орталығына айналуды мақсат етіп отыр. Сондықтан Астана – жекелеген уни­верситеттердің ғана емес, тұтас өңірдің даму деңгейін бағалау мәселелерін талқылауға қолайлы алаң», – деді Нунцио Куакуарелли.

QS басшысының пікірі Қазақстанның өңірлік білім беру орталығына айналу мақсатына ЕҰУ-дың да тікелей үлес қоса алатынын аңғартады. Университеттің халықаралық форумды қабылдауы – осы бағыттағы жұмыстың нақты көрінісі. Мұндай алаңдар арқылы ЕҰУ шетелдік академиялық қауымдастықпен байланысын нығайтып, ғылыми зерттеулерге жаңа серіктестер тарта алады. Сонымен бірге Астананың халықаралық білім беру ор­талығы ретіндегі танымалдығын арт­тыруға ықпал етеді.

Форум бағдарламасы жоғары білім беруді дамытудың негізгі мәселелері мен келешегіне арналған пленарлық отырыстар мен панельдік пікірталастардан тұрды.

Әлемдік әріптестікке жол ашқан форум

Жиынның негізгі тақырыбының бірі университеттердің цифрлық трансформа­циясы және жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану болды. Сарапшылар студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін қалыптастыру, цифрлық экономикаға қажетті мамандар даярлау, сондай-ақ жаңа технологияларды жауапкершілікпен әрі этикалық тұрғыдан пайдалану мәселелерін талқылады.

Бұл тақырып ЕҰУ үшін де ерекше өзекті. Себебі жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар жоғары білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертіп, оқыту мен ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Университеттердің міндеті – технологияны оқу үдерісіне енгізумен шектелмей, оны тиімді пайдалана алатын, сыни ойлайтын, зерттеу жүргізіп, инновациялық шешімдер ұсына білетін мамандар даярлау. Форум аясындағы пікірталастар осындай міндеттерді жүзеге асырудың халықаралық тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік берді.

Назарбаев университетінің президенті, профессор Вакар Ахмадтың форумға қатысуы да академиялық қауымдастық арасындағы тәжірибе алмасудың маңызын арттырды. Сонымен қатар Грузияның Білім, ғылым және жастар министрінің орынбасары Звиад Габисония, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, Narxoz Business School деканы Гүлнара Күренкеева және басқа да сарапшылардың қатысуы жоғары білімнің әртүрлі бағыттары бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді. Citibank Kazakhstan басшысы Сәуле Жақаеваның қатысуы университет пен бизнес ара­сындағы байланысты, жұмыс берушілердің кадр даярлау ісіндегі рөлін талқылаудың өзектілігін көрсетті.

Еуразия, Азия және Таяу Шығысты байланыстыратын өңіраралық иннова­циялық байланыстарды дамытуға да айрықша мән берілді. Қатысушылар уни­верситеттер, ғылыми ұйымдар мен өнер­кәсіптік кәсіпорындар арасында тұрақты халықаралық әріптестік орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл бағытта ЕҰУ үшін халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, шетелдік зерттеу орталықтарымен байланыс орнату, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен білім беру бағдар­ламаларын дамыту маңызды. Өйткені қа­зіргі ғылыми жетістіктер көбіне халық­аралық ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асады. Ал университеттердің өндіріс орындарымен және бизнес құрылым­дарымен байланысы ғылыми жаңалықтарды тәжірибеге енгізіп, экономиканың нақты сұранысына жауап беретін технологиялық шешімдер жасауға жол ашады.

Пікірталастар барысында білікті ғылыми кадрларды тарту және ұстап қалу, Астана мен Алматының халықаралық білім беру орталықтары ретіндегі тартым­дылығын арттыру, университеттерді бас­қару жүйесін жетілдіру және түлектерді еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай даярлау мәселелері де қозғалды. Шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары халықаралық беделді нығай­ту, ғылыми зерттеулерді дамыту, академия­лық ынтымақтастық аясын кеңейту және әлемдік университеттік рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту тәжірибелері­мен бөлісті. Мұндай тәжірибелермен танысу ЕҰУ-дың өз даму стратегиясын жетілдіруі­не, халықаралық талаптарға сай жаңа бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Форум аясында QS Stars және QS World University Rankings 2027 марапаттау рәсімі де өтті. Бұл рәсім халықаралық бағалау жүйесінде жоғары нәтижелерге қол жет­кізген жоғары оқу орындарының жетіс­тіктерін таныстырып, олардың білім беру мен ғылыми қызметтегі тәжірибесін ортаға салуға арналды.

Айта кетейік, QS Eurasia Forum биыл екінші рет ұйымдастырылды. Алғашқы форум 2025 жылғы қарашада Ташкент қаласында өтіп, оған университеттер, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілде­рінен 300-ден астам адам қатысты. Сол жиында 2026 жылғы форумды өткізу құ­қы­ғы Еуразия ұлттық университетіне берілді.

Осылайша, былтыр Ташкентте бастал­ған халықаралық академиялық диалог биыл Астанада жалғасын тапты. Ал келесі форумды өткізу құқығының ЕҰУ-ға берілуі университеттің халықаралық әріптестік орнатудағы әлеуетіне және ұйымдас­тырушылық мүмкіндіктеріне көрсетілген сенімнің белгісі болды. 35 елден 500-ден астам қатысушыны бір алаңға жинаған QS Eurasia Forum 2026 Еуразия ұлттық университетінің халықаралық білім кеңістігіндегі орнын айқындайтын маңызды оқиғаға айналды. ЕҰУ бұл жолы халық­аралық форумды қабылдаушы тарап қана емес, жоғары білімнің болашағына қатысты өзекті мәселелер талқыланған, жаңа академиялық байланыстарға жол ашылған зияткерлік алаң ретінде танылды. Мұның өзі университеттің өңірлік және жаһандық деңгейдегі беделін нығайтып, Астананың Еуразиядағы білім мен ғылым орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға қосылған елеулі үлес деуге болады. Айналып келгенде, мұның барлығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғы­лымды ел дамуының стратегиялық басым­дығы ретінде айқындаған саясатының нақты нәтижесі. Президент отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылымды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жүйелі міндеттер қойып келеді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жетекші жоғары оқу орындарына, соның ішінде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жүктелер жауапкершілік зор. Өйткені ЕҰУ – елордадағы іргелі білім ордасы ғана емес, отандық ғылымның дамуына үлес қосып, халықаралық акаде­миялық кеңістікпен байланыс орнатып отырған ірі зияткерлік орталық. QS Eurasia Forum сияқты ауқымды халықаралық жиынды қабылдауы университеттің осы бағыттағы әлеуетін айқындайды. ЕҰУ-дың мұндай бастамалары Қазақстанның әлем­дік білім кеңістігіндегі орнын нығайтуға, Астананың өңірлік академиялық орталық ретіндегі беделін арттыруға және Президент айқындаған білімді, ғылымды, техно­логияны басымдық еткен ел құру мақсатын жүзеге асыруға қызмет етеді.

Ардақ СҰЛТАН