Әділеттің жолымен үндес

Қазақ руханиятының қазынасы тағы бір тың туындымен толықты. Алматыда Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Іргелі зерттеу «Атамұра» баспасының қолдауымен жарық көріп отыр.

Автор қазақ әдебие­тінің классигі Мұхтар Әуезов пен оның ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өмір жолын арқау ете отырып, ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының саяси, тарихи және мәдени келбетін зерделейді. Қос тұлғаның ғұмырнамасы арқылы ұлт тарихының күрделі кезеңдері мен рухани ізденістерін сабақтастыра тарқатады.

Рухани басқосуға жиналған зия­­лы қауым өкілдері мен ғалым­дар жаңа еңбектің тарихи-та­­ным­дық құндылығына тоқ­тал­ды. Кі­тап­тың тұсаукесер рәсімін ашқан фи­лология ғылымдарының док­то­ры, профессор, Ұлттық ғы­лым ака­­демиясының академигі Қан­­сейіт Әбдезұлы еңбектің ғы­лы­ми сал­­мағын жоғары бағалады. 

Автор үш жылға жуық уақы­тын тарихи деректерді жинақтап, тың­ғылықты зерттеу жүргізуге ар­наған. Еңбектің жекелеген та­рау­лары 2023-2026 жылдары «Ай­қын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз» жур­­­на­лын­­да, сондай-ақ өзге де басы­лым­дарда жарық көрген.

– Бастапқыда Әуезов тақы­ры­бы­на қалам тербеу ойымда болған жоқ. Бұл еңбектің жазылуына Ләй­лә Мұхтарқызы түрткі болды. Кі­тап он тараудан тұрады. Олар­дың барлығы 2023-2026 жылдар ара­лығында еліміздің түрлі ба­сы­лы­мында түгелдей жарияланған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде де кеңінен таралып, шамамен 100 мыңға жуық оқырманның наза­ры­на ілікті. Кез келген кітаптың бас­ты мұраты – оқырманға жету. Со­н­дықтан бұл көпшілігіңізге та­ныс туынды ойлаймын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Сараман жолы» – бірнеше буын­ның тағдырын тұтас дәуірдің та­рихи шындығымен сабақтас­тыр­ғ­ан сүбелі еңбек. Кітаптың ал­ғашқы тарауларында Мұрат Әуе­зовтің анасы Фатима Ғаби­това­ның қилы тағдыры, ХХ ғасыр ба­сындағы Жетісудың қоғамдық-сая­си ахуалы, азамат соғысының ала­сапыран кезеңі мен қазақ да­ла­сындағы ағартушылықтың қа­лыптасу тарихы баяндалады. Сон­дай-ақ Мұхтар Әуезовтің шы­ғармашылық ғұмыры, «Абай жо­лы» эпопеясының дүниеге келуі, жазушының қуғын-сүргін жыл­дарындағы тағдыры мен Мәс­кеудегі қызметі тарихи дерек­тер негізінде зерделенген.

Еңбектің кейінгі тарауларында Мұрат Әуезов бастаған қазақ жас­та­рының ұлттық сананы ояту жо­лындағы ізденістері, «Жас тұл­пар» қозғалысының қалыптасуы, сол дәуірдегі зиялы қауымның ру­хани ортасы мен қоғамдық ұс­танымдары көрініс табады. Бұдан бө­лек, «Көшпелілер. Эстетика. Дү­ниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» жинағының жазылу тарихы мен оның идеологиялық қысымға ұшырауы да назардан тыс қалма­ған.

– Кітапты басынан аяғына де­йін оқып шыққан адам бұл ең­бек­тің ХХ ғасырдың тұтас шежі­ре­­сі іспетті екенін аңғарады. Туын­дыда өткен ғасырдың тарихи болмысын та­нып, қоғамдық-саяси үдеріс­те­р­ін тереңінен саралауға мүмкіндік бе­ре­тін құнды мәліметтер мен тың тарихи деректер молынан қам­­­тыл­ған. Сол себепті бұл ең­бек­­ті ғы­лы­ми тұрғыдан аса маңыз­­­­ды зерттеу деп бағалаймын. Әсіресе тари­хы­мыз­да әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін 1960-1970 жылдар­да­ғы «Жас тұлпар» жастар қоз­ға­лы­сына қатысты деректер назар ау­дартарлық. Қозғалыстың қа­шан және қандай тарихи жағдайда құрылғаны, оның қалыптасуы мен дамуына Әуезовтердің ық­па­лы, сондай-ақ осы іске атса­лыс­қан азаматтардың қызметі Мұхтар Абрарұлының еңбегінде жақсы суреттелген, – деді Ш. Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титутының бас директоры Зия­бек Қабылдинов.

Тұсаукесерге қатысқан ға­лым­­дар «Сараман жолы» ең­бегінің та­ри­хи-танымдық құн­ды­­лығын ай­рықша атап өтті. Олар­дың пі­кі­­­­рінше, кітаптың бас­ты ерекшелігі – автордың же­ке тұлғалар тағдыры негізінде қо­­­­­­­ғамдық өзгерістер мен тарихи қай­­шылықтарды ашып көр­се­туін­­де. Онымен қоса, мұрағат құ­­жат­тары мен естеліктер арқылы бұрын көпшілікке беймәлім бол­ған деректердің ұсынылуы ең­бек­тің ғылыми маңызын арттыра түс­­­пек.

– Тұлғаның болмысын терең тану үшін, ең әуелі, ол өмір сүрген дәуір­дің тарихи ахуалын түсіну қа­жет. Мұқаң да тарихшы ретінде осы қағиданы берік ұстанған. Ав­тор 1918 жылдан бергі қазақ қо­ға­мында және Мәскеуде қалып­тас­қан саяси жағдайды, сол ке­зең­дегі қоғамдық-саяси өзгеріс­тер­ді баяндай отырып, тарихи оқи­ға­лардың Қазақстанға, қазақ қа­ламгерлері мен нақты тұлғаға әсе­рін терең талдап, шеберлікпен си­паттаған, – деді  Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі Бере­кет Кәрібаев.

Сондай-ақ таныстырылым ба­­рысында ғалымдар туын­дының Қа­зақстандағы жо­ғары білім беру жүйесінің қалып­тасу жолын те­рең­і­рек тануға және оның бас­тауын­да тұрған тұлға­лар­дың та­ри­хи рөлін бағамдауға мүм­кіндік бе­ретінін алға тартты.

– Кітапта Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Халел  Досмұхамедов, Әлім­хан Ермеков, Санжар Асфен­дия­ров сияқты ұлтымыздың ұлы қай­раткерлерінің жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметі жайлы қызықты дерек көп.  Кі­тап­тың аты – «Сараман жолы». Мұ­ны «Әділеттің жолы» деп тү­сін­дік. Демек, қазақтың ұлы жа­зу­шысы Мұхтар Әуезов ұсынған жол бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» идеясымен үндес. Кі­таптың алғашқы тарауындағы оқи­ға менің өлкемде, тіпті туған ауы­лым Қапалда өтеді. Бұл – қа­зақ­тың аса көрнекті ақыны Ілияс Жан­сүгіровтің ауылы, бұл белгілі оқу-ағарту қайраткері Біләл Сү­леевтің және Мұхтар Әуезовтің жары, Мұрат Әуезовтің анасы – Фа­тима Ғабитованың туған жері. Осы­лардың бесеуі де кітаптың кейіп­керлері, – деді мемлекет жә­не қоғам қайраткері, техника ғы­лымдарының докторы, про­фес­сор Бақытжан Жұмағұлов. 

Кітаптың қорытынды та­рау­­лары Мұхтар мен Мұ­рат Әуезовтердің Үндістан, Жа­по­ния және АҚШ-қа жасаған са­па­рына арналған. Автор бұл бө­лімде қос тұлғаның күнделіктері мен жолсапар жазбаларын салыс­ты­ра зерттейді. Деректерді сара­лау нәтижесінде аталған елдердің та­рихын, мәдениетін, өнері мен көр­некті қайраткерлерін таны­та­тын құнды деректерді оқырман на­зарына ұсынады.

– Гарвард, Колумбия, Ка­ли­фор­­­ния университеттерінің про­фес­­сор, оқытушы, студенттерімен көп­­теген кездесу өткізген про­фес­­сор Мұхтар Әуезов қазақ жас­та­рын ғылым-білімге жетелейді. Жа­­понияда болған кезінде бұл ел­­дің озық техникасы мен тех­но­ло­­гиясын игеруге үндеп, ұлттық құн­дылықтарын сақтаған жапон­дар­дан  үлгі-өнеге алуға шақыра­ды. Үндістан жазбалары арқылы өт­кен тарихқа құрметпен қарау­ды, олардың үлкенді сыйлауы мен биязылығынан үйрену керектігіне ерекше назар аударады. Бұл тари­хи танымы ғана емес, тәрбиелік мәні де зор кітап, – деді Бақытжан Жұмағұлов. 

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа еңбегі тарихшылар мен әде­биет­танушыларға, ғылыми ізде­ніс жолындағы жастарға, сондай-ақ ұлт тарихы мен рухани мұр­а­сы­на тереңінен үңілгісі келетін қа­лың оқырманға арналған.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы