Әсіресе қала мәдениетінің қалыптасуында, рухан жаңғыруында ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп жүрген театр мамандарының еңбегі айрықша құрметке лайық.
Театр шымылдығы ашылған сәтте алуан бояуға малынған көркем сахна мен кейіпкерлердің сан қырлы өнері көрерменді баурап, бірден өнер әлеміне жетелейді. Алайда қойылымның көркем әрі шынайы шығуына әртістердің талантымен қатар сахна сыртындағы көзге көрінбейтін тынымсыз еңбек, ізденіс, ұжымдық үндестік пен үйлесімнің де зор әсері бар екенін ескере бермейміз.
Кез келген қойылымның көркемдік келбетін айшықтап, сахнадағы әрбір қимыл мен қозғалыстың мәнін ашуға декорацияның қосар үлесі зор. Ол – сахна төрін оқиға желісіне қарай «сөйлетіп», қойылымның атмосферасын қалыптастыратын маңызды көркемдік құрал. Ал декорацияның оқиға желісіне сай жылдам әрі мінсіз ауысып, әр бөлшектің өз орнында болуы үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті қажет етеді. Бұл сахна монтері маманынан ұқыптылықты, ептілік пен шапшаңдықты талап ететін күрделі жұмыс. Сырт көзге қарапайым әрі елеусіз көрінетін еңбектің артында жылдар бойы жинақталған тәжірибе, темірдей тәртіп, төзім және өнерге деген шынайы құрмет жатыр. Сахна монтері үшін театрдағы еңбек жолы тек мамандыққа машықтану емес, өнердің ішкі тынысын сезініп, техникалық міндеттерді атқарумен қатар режиссердің шығармашылық ойын сахналық көрініске айналдыруға атсалысуымен де ерекшеленеді.
Театр өнерінде әр маманның өз орны, өз міндеті бар. Бірі сахнада кейіпкердің жан дүниесін ашып, көрерменге ерекше әсер сыйласа, енді бірі сол өнердің мінсіз өрілуіне жағдай жасайды. Әсіресе бір ұжымда отыз жыл бойы табан аудармай еңбек ету – мамандыққа деген сүйіспеншілік пен өнерге адалдықтың белгісі.
Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Сахна механикасы» қызмет көрсету бөлімі басшысының орынбасары Марат Мамлин – осындай адал еңбек иелерінің бірі. Ол небәрі 19 жасында театрға жұмысқа орналасып, содан бері отыз жыл бойы осы өнер ордасының тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келеді. Көрермен үшін театр – ғажайып әлем болса, Марат үшін ол – күнделікті еңбек, өмірінің бір бөлшегі, талай тағдыр мен таланттың тоғысқан ортасы.
Осы жылдар ішінде ол сахна сыртындағы талай қарбаласты бастан өткеріп, сан түрлі қойылымның дүниеге келуіне өз үлесін қосты. Әр қойылымның өзіндік ерекшелігі мен сахналық шешімін жүзеге асыруға атсалысып, театр өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды.
– Театрда ұзақ жыл жұмыс істеу қиын болған жоқ. Мұнда 1996 жылы келдім. Ол кезде небәрі 19 жаста едім. Содан бері осы ұжыммен бірге өсіп, есейдім. Қуанышымды да, қайғымды да әріптестеріммен бөлістім. Бүгінгі жетістіктерім мен өмірімдегі жақсы сәттердің бәрінде осы ұжымның үлесі бар, – дейді Марат Мамлин.
Оның күнделікті жұмысы таңертең театр табалдырығын аттаған сәттен басталады. Ең алдымен сахнаға шығып, оның жай-күйін шолып, қажетті жабдықтардың дайындығын тексереді. Одан кейін алдыңғы қойылымнан қалған декорацияларды жинап, әрқайсысын өз орнына орналастырады. Ал репетиция жоспарланған күндері сахнаны дайындық жұмыстарына әзірлейді. Бір қарағанда, қалыпты жұмыс тәртібі сияқты көрінгенімен, мұның әрқайсысы мұқияттылық пен жауапкершілікті талап етеді.
– Бір қойылым үшін сахнаны әрлеу – бір адамның ғана емес, көптеген маманның еңбегін қажет етеді. Шығармашылық тұрғыдан да, техникалық жағынан да бұл – ұжымдық жұмыс. Театр өнер ордасы болғандықтан, мұнда еңбек ететін әрбір адам шығармашылыққа жақын болуы керек деп ойлаймын. Мысалы, сахна монтері болу үшін сахна сырын ұға алатын, оны жүрекпен қабылдайтын шеберлік пен ұсталық қасиет қажет.
Өмірімді сахнамен байланыстырғаныма ешқашан өкінбеймін. Өйткені осы ұжым, осы ғимарат өз үйімдей болып кетті. Есімде қалған қызықты сәттің көбі театр ұжымымен, сахнамен байланысты. LED экрандар әлі күнделікті қолданысқа ене қоймаған кез еді. Бірде әріптестерім плакат жасап, менің түрлі суретімді іліп, «Театр – менің екінші үйім» деген ерекше безендірумен туған күнімде құттықтады. Бұл – ұжымның маған деген қамқорлығы мен жылуын сездірген ұмытылмас сәттердің бірі, – деп еске алады ол.
Театрдағы еңбек жолында Марат Мамлин сахна сыртындағы талай қарбаластың ортасында жүріп, көптеген өнер иесімен бірге еңбек етті. Оның кәсіби тәжірибесі мен естеліктері – театр тарихының көрермен біле бермейтін бір парағы десек болады.
– Жылдарға ой жүгіртіп, артқа қарағанда, ең алдымен ұжымға алғыс айтқым келеді. Алдымызда қызық пен қуанышқа, жақсы естеліктерге толы жылдар көп болсын. Көрермен көңілінен шығатын қойылымдар мен мықты режиссерлер көбейе берсін деп тілеймін. Қасымда жүрген әріптестерімнің бәріне алғыс айтамын, басымды иемін, – дейді ол.
Марат Мамлин көп жылғы еңбек барысында жинақтаған тәжірибесін жастарға үйретуден де жалыққан емес. Оның пікірінше, жаңа технологиялар қаншалықты дамығанымен, қол еңбегінің де өзіндік орны мен маңызы бар.
– Жастар қазір жаңа технологиялармен жұмыс істеуге бейім. Дегенмен қол еңбегінің де өзіндік орны бар. Сахна монтерінің жұмысын, оның қыр-сырын білу артықтық етпейді. «Керек заттың ауырлығы жоқ» демекші, қандай мамандық болса да, оның қыр-сырын меңгерген пайдалы, – дейді тәжірибелі маман.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры биыл 35 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Тәуелсіздікпен бірге түлеген өнер ордасының тарихында Марат Мамлин секілді қаншама еңбек адамының өзіндік қолтаңбасы бар. Театрдың әр кезеңі, әр қойылымы, әр жетістігінің артында өз ісіне адал жандардың маңдай тері жатыр. Марат Мамлиннің де отыз жылдық еңбек жолы осы өнер ордасының шежіресімен біте қайнасып, сахна сыртындағы еңбектің саңлағын қалыптастырды.
– Сахна сыртындағы қарбалас тірліктің ең үлкен марапаты – қойылым аяқталған сәттегі көрерменнің ыстық ықыласы мен әртістердің алғысы. Қойылымнан кейін режиссерлер мен әртістердің сахна сыртына шығып, рақмет айтқаны біз үшін өте үлкен баға деп ойлаймын. Басшылық тарапынан да талай марапат алдық. Баспаналы болдық, өсіп-өндік. Осының бәрі мен үшін ең үлкен марапат, ең үлкен қуаныш, – дейді Марат Мамлин.
Расында, өнердің өрісінің кеңеюі үшін міндетті түрде сахна төрінде өнер көрсету шарт емес екен. Кейде көрермен көзайымына айналған қойылымның артында тынымсыз еңбек етіп, өз міндетін үнсіз, мінсіз атқаратын жандар тұрады. Олар шымылдық сыртында жүрсе де, театрдың тыныс-тіршілігіне жан бітіріп, өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады. Марат Мамлин – сондай еңбегімен еленген, өнерге адал жандардың қатарындағы адал еңбек адамы.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ