Ертеректе Сырдарияның жағасын бойлай өскен ну тоғайларда жолбарыс жортқаны жайындағы аңыз-әпсана көп. Ал тарихшылар мұны жай ғана тарихи дерек емес, сол кезеңде табиғаты бай, жануарлар дүниесі алуан түрлі болған Сыр өңірінің экологиялық шежіресі деп бағалайды. Жалпы, Тұран жолбарысы Орталық Азияны мекендеген азулы аңның тарихи популяциясы саналады. Ғылыми әдебиеттерде бұл аң Каспий жолбарысы деген атаумен де белгілі. Ол Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, Орталық Азия өзендерінің аңғарларында тіршілік еткен көрінеді.
Дене тұрпаты ірі, алпауыт күш иесі өзен бойындағы тоғайлы, қамысты алқаптарда, суы мол, өсімдігі қалың, жабайы жануарларға бай өңірлерде тіршілік етіп, қабан, бұғы және басқа да тұяқты жануарларды негізгі қорегіне айналдырған. Ол уақытта Сырдария бойындағы табиғи тоғайлар да осындай тіршілік ортасына қолайлы болған деседі.
Алайда ХХ ғасырда бұл табиғи үйлесім күрт бұзылады. Оған шектен тыс аңшылық, өзен бойындағы тоғайлардың жойылуы, су жүйесінің өзгеруі және қорек қорының азаюы себеп болған. Осылайша, ғасырлар бойы Сырдария жағалауын мекендеген айбарлы аң Сыр бойынан біржола жойылып, тарих қойнауына кетті.
Сыр бойында Тұран жолбарысы тіршілік еткенін айғақтайтын дәлелдер аз емес. Тарихи дерекке сүйенсек, сол кезеңде жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланыста болған. Өзен жағасындағы ну қамыс пен тоғай бір жағынан аң-құстың мекені болса, екінші жағынан егіншілікпен айналысқан жұрттың тіршілік ортасына айналады. Бірақ ол уақытта егістік алқапты жабайы жануарлардың жайпап кету жағдайлары жиі болған екен. Соған орай адамдар егістікке түскен жабайы жануарлардан қорғанудың түрлі амалын жүзеге асыра бастайды. Соның бірі – ел арасында «доңыз қауақ» аталған көне құралды жиі қолданылғаны айтылады. Бүгінде көпшілік біле бермейтін бұл бұйым Сыр өңіріндегі дәстүрлі тұрмыс пен халықтың ұсталық шеберлігінің бір көрінісі саналады.
«Доңыз қауақ» дегеніміз құрылысы қарапайым болғанымен, атқаратын қызметі ерекше тұрмыстық құрал. Ол піскен қауақтың төменгі бөлігін кесіп, ішін тазарту арқылы жасалған. Үлкен бөлігі түйенің өңделген шикі терісімен қапталып, ортасына аттың құйрық қылы өткізілген. Құралдың өзге бөліктеріне былғары белдік, жібек жіп және үзеңгі баулары бекітілген. Оны ат үстінде қолдануға ыңғайлап жасаған. Ылғалданған маталарды аттың қылына кезекпен жүргізгенде, ерекше жағымсыз дыбыс пайда болған. Мұндай дыбыс егістікке жақындаған жабайы жануарларды үркітуге арналған», – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Беккулиева.
Кейбір деректерге сүйенсек, Тұран жолбарысы мекендеген кезеңде өзен жағасындағы ну тоғайлар мен қамысты алқаптарда жабайы аңдар көп болған екен. Мұндай тұмса табиғи ортада жергілікті жұртшылық аңшылықты тұрмыс-тіршілігінің бір бөлігіне айналдырыпты. Әсіресе ірі жыртқыштарды аулау мақсатында аңшылық құралдарын жетілдіріп, темір өңдеу өнерін дамытқан деседі.
«Жолбарыс қақпаны» – сол дәуірден жеткен баға жетпес жәдігерлердің бірі. Мұны темірден соғылған көлемді әрі күрделі аңшылық құралы ретінде қарауға болады. Оның жасалу ерекшелігі сол кезеңдегі ұсталардың металл өңдеу тәжірибесін де аңғартады. Жалпы, қақпанның құрылымында төсек, қандыауыз, серпер, тіл, тиек, шынжыр және темір шығыршық секілді бөлшектер бар. Әрқайсысының өзіндік атауы мен атқаратын қызметі зор. Сонымен қатар бұл атаулардың өзі қазақ халқының аңшылық мәдениетінде қалыптасқан кәсіби сөздік қордың байлығын көрсетеді.
Жолбарыс қақпанының көлемі мен салмағы оның ірі аңдарға арналғанын аңғартады. Атап айтқанда, шынжырының ұзындығы – 2,70 метр болса, серіппесінің ені – 6,5 сантиметрді құрайды. Қақпанның сопақша пішінді негізгі бөлігінің ұзындығы – 80 сантиметр, табанының диаметрі – 50 сантиметр, ал тиегінің өлшемі 7 сантиметр болады. Мұндай бұйымдардың жасалуы темір ұсталарынан үлкен тәжірибе мен шеберлікті талап еткен. Сондықтан жолбарыс қақпаны аңшылық тарихымен қатар қазақ даласындағы дәстүрлі ұсталық өнердің бір көрінісі болып саналады.
Уақыт өте келе мұндай құралдар күнделікті тұрмыстық қолданыстан шықты. Дегенмен ел ішінде көне жәдігерлерді қайта жаңғырту арқылы өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуге бетбұрыс байқалады.
Бұл ретте облысқа қарасты Сырдария ауданы А.Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны, ағаш шебері Жәнібек Маханбет құнды жәдігерлерді қайта қалпына келтіру міндетін қолға алып, доңыз қауақтың жаңғыртпасын жасапты. Нәтижесінде шебердің еңбегі көне бұйымның сыртқы пішіні мен құрылымдық ерекшеліктерін қайта қалпына келтіруге сеп болды. Бұйымды әзірлеуде қауақ, түйе терісі, қайыс, жібек жіп және металл пайдаланылған. Жаңғыртпаның биіктігі 30 сантиметрді құрайды. Ал үлкен бөлігінің диаметрі – 23 сантиметр болса, кіші бөлігінің диаметрі – 14 сантиметрге тең. Қылдың ұзындығы – 60 сантиметр.
Тарихшылардың пайымдауынша, доңыз қауақ дегеніміз жай ғана тұрмыстық бұйым емес. Құнды жәдігер Сыр бойы халқының табиғатпен етене өмір сүріп, қоршаған ортаға бейімделу тәжірибесінің көрінісін аңғартады. Ал оның қайта жаңғыртылуы ұмыт қалған ұлттық мұраны түгендеуге қосылған үлес деп бағалауға лайық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы