«Біздің тарихымыз өз сүйегімізде таңбаланып қалған»: қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы Оразақ Смағұлұлы дүниеден өтті

Оразақ Смағұлұлының ғылымға қосқан басты үлесі – қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпалар мен қазіргі қазақ халқы арасындағы антропологиялық сабақтастықты зерттеуі. Ғалым археологиялық қазба кезінде табылған адам сүйектерін қазіргі қазақтардың антропологиялық ерекшеліктерімен салыстырып, халқымыздың қалыптасу тарихына қатысты ғылыми тұжырым жасады.

Қазақ халқының төрт мың жылдық антропологиялық тарихын зерттеген көрнекті ғалым, отандық антропология ғылымының негізін қалаушы, академик Оразақ Смағұлұлы 96 жасында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаралы хабарды Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов жеткізді.

Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген. Үш жасында ашаршылық салдарынан анасынан айырылған. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған ғалым кейін адам анатомиясын, сүйек құрылымын, қан құрамын және антропологиялық зерттеу әдістерін меңгерген. 1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының аспирантурасына оқуға түскен.

Қазақтың төрт мың жылдық тарихын зерттеген ғалым

Оразақ Смағұлұлының ғылымға қосқан басты үлесі – қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпалар мен қазіргі қазақ халқы арасындағы антропологиялық сабақтастықты зерттеуі. Ғалым археологиялық қазба кезінде табылған адам сүйектерін қазіргі қазақтардың антропологиялық ерекшеліктерімен салыстырып, халқымыздың қалыптасу тарихына қатысты ғылыми тұжырым жасады.

Оның зерттеуі бас сүйектің құрылымымен ғана шектелген жоқ. Ғалым қазақтардың қан тобын, тіс құрылымын, алақан бедерін, дене бітімін және басқа да биологиялық ерекшелігін кешенді түрде зерттеді. Осы деректер негізінде қазақ халқының антропологиялық тарихы төрт мыңжылдық кезеңді қамтитыны туралы тұжырым ұсынды.

– Біздің тарихымыз өз бой-бітімімізде, өз сүйегімізде таңбаланып қалған, – деген еді ғалым.

Кітабы өртеліп, өзі 15 жыл бойы қысым көрген

Ғалымның өмір жолында кеңестік билік тарапынан қысым көрген кезең де болды. 1977 жылы жарық көрген «Этническая геногеография Казахстана» атты ғылыми еңбегі кеңестік цензураға ұшырап, Орталық партия комитетінің бұйрығымен өртелген.

Зиябек Қабылдиновтың жазуынша, осыдан кейін ғалым Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына алынып, 15 жыл бойы ғылыммен еркін айналысуына кедергі жасалған. Соған қарамастан Оразақ Смағұлұлы зерттеуін тоқтатпаған. Ғұмырында 36 ғылыми экспедиция мен далалық зерттеуге қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазған.

Абылай ханның сүйегін зерттеуге атсалысты

Оразақ Смағұлұлы тарихи тұлғалардың сүйек қалдығын зерттеуге де елеулі үлес қосты. Оның қатысуымен 1999 жылы «Абылай хан: тарихи-антропологиялық зерттеу» атты еңбек жарық көрді. Зерттеу Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Абылай ханның жерленген орнын анықтауға және сүйек қалдығын зерделеуге арналды.

Сондай-ақ ғалым қызы Айнагүл Смағұловамен бірлесіп, қазақ халқының шығу тегі туралы «Происхождение казахского народа» атты көлемді еңбек жазды. Кітапқа бірнеше онжылдық бойы жүргізілген кешенді антропологиялық зерттеудің нәтижесі жинақталған.

Оразақ Смағұлұлы Қазақстанда алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырып, отандық ғылыми мектеп қалыптастырды. 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағына ие болды. 2010 жылы «Құрмет» орденімен, 2019 жылы Халықаралық Түркі академиясының «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды.

Ғалым өмірінің соңына дейін ғылыми жұмысын жалғастырып, әзірленіп жатқан жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымының авторы әрі бас редакциялық алқа мүшесі болды. Қазақ халқының шығу тегі мен антропологиялық қалыптасуына арналған бөлімдерді жазуға атсалысты.

Оразақ Смағұлұлының артында қазақ халқының көне тарихын тануға мүмкіндік беретін мол ғылыми мұра қалды. Оның еңбегі Қазақстанда антропологияның дербес ғылым саласы ретінде қалыптасуына жол ашты.