Ақтөбе облысында Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігері Назгүл Мұратқызы Қантөренова жол апатынан қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сол күні оның ұлы Расул Бақтыбай да қайтыс болған.
Қайғылы оқиға 23 қарашада Қандыағаш – Шалқар тасжолының Жұрын кенті маңында болған. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Renault автокөлігін басқарған әйел рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі орға түсіп кеткен. Көлік аударылып, жүргізуші оқиға орнында көз жұмған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Марқұм Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық ауруханасында оториноларинголог болып жұмыс істеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігер 9 қарашадан бастап еңбек демалысында болған.
Аурухана ұжымы әріптесінің мезгілсіз қазасына байланысты отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
– Назгүл Мұратқызы өз ісіне адал, білімі мен тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер болды. Ол бар ғұмырын адам денсаулығын сақтауға, науқастарға көмек көрсетуге арнады, – делінген аурухана ұжымының хабарламасында.
Кейін дәрігердің ұлы Расул Бақтыбайдың да сол күні қайтыс болғаны белгілі болды. Полиция жол апаты кезінде көлікте әйелдің жалғыз болғанын нақтылады.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті дәрігердің ұлы анасы қайтыс болғаннан кейін өзіне қол жұмсағанын растады. Оқиғаның мән-жайы мен оған не себеп болғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.