Байқоңырдан ғарышкерлерге көмектесетін робот тиелген зымыран ұшырылды

«Роскосмос» мәліметінше, «Союз-2.1б» зымыран тасығышы 24 қарашада Астана уақытымен сағат 15:17-де Байқоңырдың №31 ұшыру алаңынан көкке көтерілді. Жүк кемесі белгіленген орбитаға сәтті шығарылып, күн батареялары мен антенналары штаттық режимде ашылды.

Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) жүк жеткізетін «Прогресс МС-36» кемесі ұшырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кеме бортында ғарышкерлерге ашық ғарышта жұмыс істеуге көмектесетін «Теледроид» роботы бар.

«Роскосмос» мәліметінше, «Союз-2.1б» зымыран тасығышы 24 қарашада Астана уақытымен сағат 15:17-де Байқоңырдың №31 ұшыру алаңынан көкке көтерілді. Жүк кемесі белгіленген орбитаға сәтті шығарылып, күн батареялары мен антенналары штаттық режимде ашылды.

«Прогресс МС-36» кемесі стансаға 2,4 тоннадан астам жүк жеткізеді. Оның ішінде 750 келі отын, 420 келі ауызсу, 51 келі оттегі, 261 келі азық-түлік, 41 келі дәрі-дәрмек, сондай-ақ гигиена құралдары мен ғылыми зерттеуге қажетті жабдық бар.

Миссияның басты ерекшелігі – стансаға адам кейпіндегі «Теледроид» роботын жеткізу. Ол ғарышкерлерге стансаның сыртқы бетінде күрделі әрі қауіпті жұмыс атқаруға көмектесу үшін әзірленген.

Робот екі механикалық қолмен және бейнекамерамен жабдықталған. Ол вакуумға, радиацияға және температураның күрт өзгеруіне төзімді. Автоматты режимде жұмыс істей алады, сондай-ақ оны қолмен және дауыс арқылы басқаруға болады.

Алдымен робот станса ішінде сыналады. Кейін оны ХҒС-тың Ресейге тиесілі «Наука» модулінің сыртқы бөлігіне орнату жоспарланған. Эксперимент аясында 40-қа дейін сынақ өткізіледі. Роботты басқаруға ғарышкерлер Петр Дубров пен Анна Кикина қатысады.

Жүйе іске қосылғаннан кейін ғарышкерлер стансадан шықпай-ақ роботқа тапсырма бере алады. Мәселен, ол қажетті құралды алып, ғарышкерге ұсына алады. Роботтың құрылымы оны ғарыш стансасында жөндеуге де мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін, 2019 жылы Халықаралық ғарыш стансасына ресейлік FEDOR роботы жеткізілген. Сол кезде оның салмақсыздық жағдайында жұмыс істеу және адаммен өзара әрекеттесу қабілеті сыналған.