Бір адамға берілетін сыйақының жалпы мөлшері 500 миллион вонға, яғни шамамен 170 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, мұндай шешім емтихан кезінде жасанды интеллект пен заманауи электрондық құрылғыны заңсыз пайдалануға қарсы күрес аясында қабылданған.
Оңтүстік Кореяның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және азаматтық құқықтарды қорғау жөніндегі комиссиясы ереже бұзған адамды анықтауға мүмкіндік беретін әр хабар үшін 100 миллион вон сыйақы беруді қарастырып отыр.
Бір қызығы, емтиханда көшіргенін өз еркімен мойындап, оған қатысы бар өзге адамдар туралы ақпарат берген азаматтар да сыйақы ала алады. Оларға қолданылатын жаза да жеңілдетілуі мүмкін.
Биыл Оңтүстік Кореяда жоғары оқу орнына түсуге арналған ұлттық емтихан 19 қарашада өтті. Оған шамамен жарты миллион талапкер қатысты.
Емтихан қарсаңында бір студенттің жасырын камера мен жасанды интеллект көмегімен бухгалтерлік есеп бойынша басқа емтиханнан жоғары балл жинағанын жариялауы қоғамда қызу талқы тудырған еді.
Осыдан кейін билік емтихан өткізу тәртібін күшейтіп, электрондық құрылғыларды пайдалануға қатысты бақылауды арттырды.
Білім министрлігінің мәліметінше, биыл ұлттық емтихан тапсырған 111 талапкер электрондық құрылғыны заңсыз пайдаланды деген күдікке ілінген.
Ереже бұзғандар туралы ақпарат қабылдау науқаны 2027 жылғы 19 қаңтарға дейін жалғасады. Ал емтиханда көшіргендер он жылға дейін емтихан тапсыру құқығынан айырылуы мүмкін.