Қарағандыда құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында өткен самбодан облыстық чемпионатта Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері үш жүлделі орынға ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2026 жылғы 20-21 қараша күндері Қарағанды қаласындағы «Арлан» спорт кешенінде құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың қызметкерлері арасында самбодан облыстық чемпионат өтті.
Екі күнге созылған жарыста қатысушылар түрлі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады. Чемпионатта Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері де бақ сынап, жоғары нәтижелер көрсетті.
Атап айтқанда, 64 келі салмақ дәрежесінде қатардағы Қылыш Нұрланұлы Еренқайыпов қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Ал 98 келі салмақ дәрежесінде аға сержант Әлібек Серікұлы Мұхаметкәрімов күміс жүлдеге, +98 келі салмақ дәрежесінде сержант Елнұр Мұханұлы Садықов қола жүлдеге ие болды.
– Аталған жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты өтті. Қарсыластарымыз да жақсы дайындықпен келген. Өз салмақ дәрежемде бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл жеңіс – тұрақты жаттығу мен еңбектің нәтижесі. Қолдау көрсетіп, құттықтап жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысамын, – деді қатардағы Қылыш Еренқайыпов.
Осылайша, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері облыстық чемпионатты бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен аяқтады. Бұл нәтиже олардың спорттық дайындығы мен тұрақты жаттығуларының жемісі болды.