Бұл қызығушылықты дамытуда ұстаздың рөлі ерекше. Себебі баланың домбыраға деген алғашқы ықыласын тұрақты қызығушылыққа айналдыру үшін оны дұрыс бағыттап, ұлттық өнердің мәнін түсіндіру маңызды. Ал жалпы білім беретін мектеп жағдайында домбыраны үйретудің өзіндік ерекшеліктері, әдістемесі мен қиындықтары бар. Осы мәселелер төңірегінде Астана қаласындағы № 2 Зерделі мектебінің домбыра пәні мұғалімі, Республикалық педагогтер байқауының лауреаты, өнертану ғылымдарының магистрі Әсет Қайратұлымен сұхбаттастық.
– Бұрын жалпы білім беретін мектептерде домбыра сабағына екінші кезектегі пән ретінде қарау байқалатын. Он-он бес жыл бұрын жұмыс істегенімізде байқайтынбыз. Қазір бұл көзқарас өзгерді ме?
– Менің ойымша, соңғы жылдары бұл көзқарас айтарлықтай өзгеріп келеді. Қазір ұлттық құндылықтарға, төл өнерімізге деген қызығушылық артып отыр. Домбыра тек үйірме немесе қосымша сабақ емес, жеке пән ретінде оқытылғаны дұрыс. Өйткені ол жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруға ықпал етеді.
Зерделі мектебінде домбыраның жеке пән ретінде оқытылуы – соның бір дәлелі. Бір қуантарлығы, домбыраға балалардың ғана емес, ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Қазіргі жаһандану заманында, балалар гаджетке көп көңіл бөлетін уақытта, олардың өз еркімен домбыра тартып жүргенін көру ата-ана үшін де қуанышты жағдай. Өйткені домбыра – сенің тарихың ғой. Ол тек музыкалық аспап емес, сол арқылы ұлттың өткенін, болмысын тануға мүмкіндік береді. Сондықтан мектеп те, ата-ана да домбыра сабағына негізгі пәндердің бірі ретінде қараса, ұтпасақ, ұтылмаймыз.
– Сіз сабақ беретін мектепте домбыра сабағы қалай ұйымдастырылған? Топтық па, жеке ме? Тарқатып айтсаңыз.
– Біздің мектепте домбыра жалпы білім беретін пән ретінде оқытылады. Қазіргі таңда 1–5-сынып аралығында аптасына екі рет домбыра сабағы өтеді. Шамамен 260 оқушы домбыра үйреніп жүр.
Оқушылар сабаққа сыныппен келетіндіктен, топтық оқыту әдісін қолданамыз. Бұл балалардың бір-бірін тыңдауына, бірге орындауына, ансамбльдік мәдениетті қалыптастыруына көмектеседі. Сонымен қатар әр баланың қабілеті мен дайындық деңгейіне қарай жеке көңіл бөлеміз. Себебі әр баланың музыканы қабылдауы мен үйрену жылдамдығы әртүрлі.
– Топтық сабақ өткізу оңай емес. Кейде бір баланың өзін үйрету әлекке айналады. Әрине, топпен үйреткен соң әдісі де байша шығар. Нота, сандық жүйе немесе құйма құлақ әдісі ме?
– Алдымен осы әдістерге қысқаша түсінік бере кетейін. Нотамен үйрету дегеніміз – академиялық білім беру жүйесі. Яғни бес сызыққа арнайы музыкалық белгілерді орналастыру арқылы шығарманы үйрету. Сандық жүйеде домбыраның пернелері сандармен белгіленеді. Ал құйма құлақ әдісінде мұғалім немесе орындаушы күйді ойнайды, оқушы тыңдап, соны қайталап үйренеді.
Әр әдістің өз жақтастары бар. Біз тәжірибе барысында осы тәсілдердің барлығын қарастырдық. Нәтижесінде өзімізге тиімді деп тапқан әдіс – әріптік-сандық жүйе болды.
– Неліктен осы әдісті таңдадыңыз?
– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жүйеде нотаның атауы, домбырадағы перненің нөмірі және сол қолдың саусақтарының реті көрсетіледі. Бір қарағанда, ақпарат көп сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бастапқы кезеңде балаларға күйдің құрылымын, пернелерді және саусақтардың орналасуын түсіндіру жеңіл.
Бұл әдіспен қатар, баланың музыкалық есту қабілетін дамытуға көңіл бөлемін. Бұл енді - өнердің іргетасы екенін жақсы білесіз. Ол әуенді тыңдап, қайталап орындауға үйренеді. Менің ойымша, осы екі бағытты ұштастыру домбыраны енді үйреніп жүрген баланың дамуына жақсы мүмкіндік береді.
– Әдіс демекші, қазір кәсіби музыканттар арасында сандық нотадан бас тарту керек деген пікірталас бар. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?
– Мен бұл мәселеге біржақты қарамаймын. Сандық жүйені толықтай жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын.
Музыкалық мектепте оқитын баланы классикалық нотамен үйреткен дұрыс. Ал біздің жағдайымызда әріптік-сандық жүйе тиімді болып отыр.
Мысалы, домбыраны енді үйреніп жүрген бірінші сынып оқушысына бұл тәсіл өте ыңғайлы. Ол қай пернені басу керектігін, сол пернеде қандай нота орналасқанын және қай саусақты қолданатынын тез түсінеді. Бұл баланың алғашқы жетістіктерге жетуіне көмектеседі.
– Репертуар да маңызды екенін білеміз. Оқушылар қандай шығармаларды үйренеді? Репертуарда халық күйлері мен әндерінен бөлек, заманауи туындылар да бар шығар?
– Әр сыныпқа арналған жеке жылдық жоспарым бар. Ең алдымен, балаларды қазақтың халық әндері мен күйлеріне баулимыз. Тарқатып айтайыншы.
Мысалы, 1-сынып оқушылары жыл басында «Құттықтаймын, мама», «Біз өмірдің гүліміз», «Еркем-ай» сияқты әндерді үйренеді. Ал жыл соңында «Жастар биі» халық күйін меңгереді.
2–3-сынып оқушыларының репертуарында «Нәр ағашы», «Тепеңкөк», «Келіншек» сияқты халық күйлері және А. Сұлтанбековтің «Домбыра» шығармасы бар.
4–5-сынып оқушылары Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерін, Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» шығармасын орындайды.
Сонымен қатар заманауи шығармаларға да орын береміз. Мысалы, «Ер Тұран» шығармасын оқушылар 4-сыныптан бастап үйренеді. Ұлттық өнерді заманауи шығармалармен байланыстыра білсек, балалардың домбыраға деген қызығушылығы арта түседі.
– Оқушылар өздері келіп «Мына шығарманы үйренейікші» деп ұсыныс жасай ма?
– Әрине! Бұл – мен үшін қуанышты жағдай. Кейде балалар әлеуметтік желілерден немесе түрлі бейнежазбалардан домбырада орындалған күйлер мен шығармаларды көріп, өздері ұсыныс жасайды. «Ағай, осы күйді үйренейікші», «Осы әуенді домбырамен орындауға бола ма?» деп сұрайды. Мен мұндай ұсыныстарды қолдаймын. Өйткені баланың өзі қызығып сұраса, оның үйренуге деген ынтасы жоғары болады. Мен сол қызығушылықты дұрыс бағыттап, ұлттық өнермен ұштастыруға тырысамын.
– Барлық оқушының музыкалық қабілеті бірдей емес. Ол белгілі. Әсіресе топтық сабақта әр баланың деңгейін ескеру қаншалықты қиын?
– Әрине, әр баланың қабылдауы мен музыкалық қабілеті әртүрлі. Бір бала әуенді тез қағып алады, екінші балаға көбірек уақыт қажет. Бұл оңай емес. Әсіресе топтық сабақта барлығына ортақ оқу жүйесін қалыптастыру керек.
Мен үшін ең маңыздысы – баланың бойындағы қабілетті байқап, оны дұрыс бағыттау. Ерекше бейімі бар оқушыларға күрделірек шығармалар ұсынып, орындаушылық шеберлігін жетілдіруге көңіл бөлемін. Қажет болған жағдайда қосымша дайындық ұйымдастырамын.
Бірақ бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Әр баланың бойында ашылмаған бір өнер бар. Ұстаздың міндеті – соны көре білу.
– Оқушыларыңыз түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Әлеуметтік желіден көріп-біліп жүрміз. Мұндай жетістіктерді қалай бағалайсыз?
– Иә, шәкірттеріміз түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі болып жүр. Бұл, ең алдымен, балалардың күнделікті дайындығының, ұстаз еңбегінің, мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі деп білемін.
Байқау дегеніміз – тек жүлде алу емес. Ол баланың сахнаға шығып, өзін көрсетуіне, қобалжуын жеңуіне, өзге орындаушылармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Әрбір шәкірттің жетістігі – мен үшін де, Зерделі мектебі үшін де үлкен қуаныш. Ең үлкен марапатым – кешегі домбыраны дұрыс ұстай алмай жүрген баланың бүгін сахнада күй орындауы.
Байқауда ресми жүлделі орын алмаған оқушыларды да бөліп-жарғым келмейді. Өйткені ұлттық өнер тұрғысынан алғанда, домбыра ұстап, күй тартып жүрген әр баланың еңбегі бағалы. Қазіргі балалардың гаджетке және батыстық мәдениетке қызығушылығы басым заманда олардың домбыра үйренуге уақыт бөліп жүргенінің өзі – үлкен жетістік.
– Сіз бұған дейін музыка мектебінде де жұмыс істегеніңізді білеміз. Музыка мектебі мен жалпы білім беретін мектептегі домбыра сабақтарының айырмашылығы бар ма? Бар болса қандай?
– Айырмашылық көп. Бірақ ең бастысы – екі мектептің алдына қоятын мақсаты әртүрлі деп ойлаймын.
Музыка мектебінде көбіне кәсіби музыкалық білімге, орындаушылық шеберлікке басымдық беріледі. Ал жалпы білім беретін мектепте оқитын балалардың барлығы кәсіби музыкант болуды мақсат етпеуі мүмкін.
Сондықтан біздің міндетіміз – әр балаға домбыраны таныту, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру, музыкалық талғамын қалыптастыру деп білеміз.
– Егер мүмкіндік болса, жалпы білім беретін мектептердегі домбыра сабақтарының жүйесінде нені өзгертер едіңіз?
– Егер мүмкіндік болса, ең алдымен, домбыра сабақтарының материалдық-техникалық базасын жетілдірер едім. Әр балаға сапалы, қолына ыңғайлы домбыра қолжетімді болса деймін.
Екіншіден, мектептер арасында домбыра ансамбльдерін көбейтіп, тұрақты түрде концерттер мен фестивальдер ұйымдастыруға басымдық берер едім.
Үшіншіден, домбыра сабағын тек ән-күйлерді үйретумен шектемей, күйлердің шығу тарихы, композиторлар мен дәстүрлі өнер туралы біліммен толықтыру қажет деп санаймын. Себебі домбыраны үйренген бала тек музыканы меңгеріп қана қоймай, аспаптың тарихын, мәдениетін, тамырын да танығаны дұрыс. Біз мұны өз мүмкіндігімізше жасап келеміз. Дегенмен осындай тәжірибе жалпы мектептер деңгейінде де кеңінен таралса деген тілегім бар.
– Әңгімеміздің соңында мынадай сұрақ қойғым келеді. Домбыра үйреніп жүрген балалардың болашағынан не күтесіз? Олардың бойында қандай қасиеттер қалыптасса дейсіз?
– Менің ұстаздық ұстанымым – әр баланың бойындағы өнерге деген қабілетті ояту.
Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің бір бөлігі. Бүгін домбыра үйреніп отырған бала ертең кәсіби музыкант болмауы мүмкін. Бірақ ол домбыраның қадірін білетін, ұлттық өнерді құрметтейтін азамат болып өседі. Сондықтан біз домбыраны балаға үйретіп қана қоймай, оның бойында ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.