Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық көрсетілетін қызметтерді дамытуға және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлады.
Түзетулер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісімдерді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын құқықтық реттеудің аражігін ажыратуды, сондай-ақ оларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіруді көздейді.
Сонымен қатар отандық медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мақсатында медициналық туризмді дамыту тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.
Заң жобасымен алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдары енгізіледі. Бұл саланың қатысушылары клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туроператорлар, турагенттер және сақтандыру компаниялары бола алады. Медициналық ұйымдарға пациенттерді сүйемелдеу қызметтерін құру мүмкіндігі беріледі.