Адамды аңду мен улау әрекетіне жаза күшейтіле ме?

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған.

Бүгінгі Құрылтайдың кезекті отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Айжан Аймағанова  ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовке сауал жолдап, адамды аңду мен улау әрекетінің жазасын күшейту керегін көтерді,  –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен  тәртіп» қағидатын нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән бергенін қозғады. 

 – Адам құқықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу – «Әділет» партиясының да басты бағытының бірі. Бүгін азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты екі мәселеге тоқталғым келеді. Олар – сталкинг (адамды заңсыз қудалау) және спайкинг (адамның келісімінсіз оған қауіпті заттарды жасырын енгізу). Біріншісі – сталкинг, яғни адамды заңсыз қудалау. 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Алайда заңды қолдану тәжірибесі құқықтық тетікті одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған. Қолданыстағы заңнама бойынша сталкинг үшін көзделген ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамаққа алу. Алайда қудалау әрекеті бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, әлеуметтік желілер арқылы мазалау сияқты түрлі сипатта жалғасуы мүмкін.

Әсіресе, құқық қорғау органдары араласқаннан кейін де қудалаудың тоқтамауы жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қатерді күшейтеді. Бұл мәселенің өзектілігін азаматтардың өздері де көтеріп отыр. Биыл 8 қыркүйекте сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбірленушілерді қорғау жөнінде петиция жарияланды. Сондықтан бұл мәселені тек жазаны күшейту тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Жәбірленушілерді қорғаудың тиімді тетігін қалыптастырып, қудалаудың алдын алу мен оның жолын кесудің кешенді шараларын қарастыру қажет,  –  деді Айжан Аймағанова. 

Оның көтеріген тағы бір мәселесі – спайкинг. Яғни, адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе өзге де жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізуі.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда жәбірленуші не болып жатқанын аңғармай, өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айырылуы мүмкін. Спайкинг көбіне жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және өзге де қылмыстар жасауға жол ашады.

– Қазіргі уақытта мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда адамның келісімінсіз қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекетінің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмеген. Менің ойымша, мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың туындауын немесе өзге қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ. Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы тиіс, – дейді ол. 

Депутат Ішкі істер министрлігінен сталкинг бойынша Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесіне, соның ішінде жүйелі қудалау фактілерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептеріне талдау жүргізуді және әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қудалау фактілеріне полицияның әрекет етуінің бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды. 

– Біріншіден, криминология саласының мамандарымен бірлесіп спайкинг мәселесін жан-жақты зерттеу, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтау керек. Екіншіден, спайкингті жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеу қажеті және зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қою қажет, – деді Айжан Аймағанова.