Орта бизнесті ел экономикасының тірегіне айналдыру маңызды – Нұрбақыт Теңізбаев

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, шамамен 1 976 014 шағын бизнес субъектілері және небәрі 2961 орта бизнес субъектісі жұмыс істеді.

Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының депутаты  Нұрбақыт Теңізбаев өз сауалын Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдап, орта бизнесті дамытудың іс-шараларының тиімділігін қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу керегін қозғаған болатын. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында орта бизнес мөлшерін 20 пайызға жеткізу міндеті белгіленген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 40,9%-ға жеткенімен, соның ішінде орта бизнестің үлесі небәрі 7,2%-ды ғана.

Мұндай даму қарқынымен Үкіметке Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау қиынға соғады. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, шамамен 1 976 014 шағын бизнес субъектілері және небәрі 2961 орта бизнес субъектісі жұмыс істеді. Қазақстан кәсіпкерліктің кең базасын қалыптастырды, алайда компаниялардың келесі сапалы жоғары экономикалық масштабқа өтуі шектеулі күйінде. Мемлекетке шағын бизнестен орта бизнес дәрежесіне өтуге ынталандыру мен мотивация жасап, орта бизнесті ел экономикасының тірегі, әрі «Ұлттық игілікке» айналдыру маңызды. Себебі, орта компаниялар шетелмен технологиялық бәсекелестікке түсіп, халықаралық нарыққа жоғары өнеркәсіптік бөліністегі тауар шығаруға қауқарлы болады, – деді Нұрбақыт Теңізбаев. 

Оның айтуынша, мәселе бағдарламалық құжаттар мен қолдау құралдарының жоқтығында емес, олардың тиімділігінің төмендігінде. Сондықтан Құрылтай депутаты «Әділет» фракциясы қандай шараларды ұсыну керегін айтып берді.

Біріншіден, шағын бизнестен орта бизнеске өсу әлеуеті бар компанияларды қолдаудың нақты нәтижелерін ұсыну. Бұл ретте кәсіпорынның даму кезеңі, салық төлемдерінің серпіні, экспорттық мүмкіндігі мен бұрын берілген көмектің тиімділігі өзара ұштастырыла ескерілуі тиіс.

Екіншіден, мемлекеттік қолдау құралдарының бизнес өсіміне әсерін тұрақты бағалау. Атап айтқанда, субсидия, кепілдік, лизинг және қорландыру тетіктерінің ішінде бюджеттің бір теңгесіне шаққандағы өнімділікті, жеке инвестициялар мен салық базасын барынша арттыратын құралдарға басымдық беру қажет.

Үшіншіден, еліміздегі 3 000-ға жуық орта компанияны «Ұлттық игілік» әрі экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде ерекше қолдауға алу маңызды. Олардың нақты нәтижелері мен өсу жолын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттап, қоғамда орта бизнес өкілдерінің оң бейнесін қалыптастыру керек. Сонымен қатар орта бизнес субъектілерінің санын арттыру үшін салалық және аймақтық жоспарлар әзірлеу. Жұмыстың нақты нәтижесін қамтамасыз ету мақсатында бұл көрсеткішті жергілікті әкімдіктер қызметінің негізгі тиімділік индикаторына (KPI) енгізу қажеттігін көтерді.