Ру атауын ұйымдарға беруге заңмен тосқауыл қою қажет пе?

Қазақстанда қазақ руларының атауымен тіркелген 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аят Сүгірбай Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған сауалында айтты.

Депутат мұны қоғамдағы рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына ықпал етуі мүмкін үрдіс деп санайды. Осыған байланысты ол заңды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктердің атауында ру және жүз атауларын пайдалануға заңнамалық шектеу енгізуді ұсынды. Ал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев рулық жүйені бүгінгі қоғамдық-саяси өмірдің тетігі емес, тарихи феномен ретінде қарастыру қажет екенін айтады.

Ру атауы ортақ мүддеден биік тұрмауы керек – Аят Сүгірбай 

Депутат Аят Сүгірбайдың Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған сауалында келтірілген мәліметке сәйкес, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі 1996-2005 жылдар аралығында құрылған. Қатарында түрлі шаруа қожалықтары, серіктестіктер, фирмалар мен кәсіпорындар бар.

Депутат бұл мәселені жай ғана ат таңдау мәселесі емес, қоғамдық бірлік пен мемлекетшілдік ұстанымға қатысты түйткіл ретінде көтеріп отыр. Оның пікірінше, белгілі бір рудың атауын коммерциялық ұйымдардың атауында кеңінен қолдану қоғамда рушылдық түсініктің қайта күшеюіне алғышарт қалыптастыруы мүмкін.

«Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес», – дейді Аят Сүгірбай.

Депутаттың пайымдауынша, белгілі бір ру атауын иеленген кәсіпорынның қызметіне қатысты сын айтылған жағдайда да мәселе ұйымның өз шеңберінен шығып кетуі ықтимал. Өйткені мұндай атау сол рудың басқа өкілдерін де негізсіз сынның нысанасына айналдыруы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде руаралық түсінбеушілікке ұласуы ғажап емес.

«Рушылдық тамыр жайған жерде әділ бәсекелестік әлсірейді, меритократия қағидаттары бұзылады, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүдде алға шығады», – деп есептейді депутат.

Осыған байланысты ол «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға, сондай-ақ басқа да нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді ұсынады. Атап айтқанда, ру немесе жүз атауларымен заңды тұлғаларды тіркеуге және қоғамдық бірлестіктер құруға шектеу қоятын норманы қарастыруды сұраған.

Рулық жүйе – тарихтың бір бөлігі

Ал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев рулық жүйенің қалыптасуы мен қызметін тарихи тұрғыдан түсіну маңызды екенін айтады. Ғалымның түсіндіруінше, ерте кезеңдерде ру жүйесі белгілі бір деңгейде әкімшілік-аумақтық және саяси басқару қызметін атқарған. Яғни, қазіргі кездегі ауыл, аудан, облыс тәрізді әкімшілік бөліністердің орнында туыстық байланыстарға негізделген жүйе болған.

«Сырттай қарағанда, бұл жүйе рулық бөлініс сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, ата-бабаларымыз туыстық байланысты әкімшілік басқару тетігі ретінде пайдаланған. Сол заманның жағдайында бұл өте тиімді жүйе болды. Алайда қазір біз отырықшы қоғамға айналып, басқа мемлекеттік басқару жүйесіне көштік. Сондықтан бүгінгі күні рулық жүйені қазіргі әкімшілік және саяси жүйемен қатар қолдану мүмкін емес», – дейді этнограф.

Ғалымның пікірінше, қазіргі қоғамда рулық жүйені тұтас қоғамдық институт ретінде қарастыруға негіз жоқ. Оның тарихи қызметі болғанымен, бүгінгі мемлекеттік басқару құрылымы басқа қағидаттарға сүйенеді. Сондықтан ру атауларын қоғамдық кеңістікте алға шығаруға да байыппен қараған жөн.

Этнограф рушылдықтың қайта көрініс табуын тек тарихи дәстүрмен байланыстыру дұрыс емес деп санайды. Оның айтуынша, мұндай құбылыстың күшеюіне мемлекеттік басқару сапасы мен әлеуметтік жағдай да әсер етуі мүмкін.

Ол рушылдықтың кей жағдайда сыбайлас жемқорлық қатынастарында да пайдаланылатынын атап өтті. Мәселен, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде кәсіби қабілет пен біліктіліктен бұрын руластықты алға тарту мемлекет мүддесіне қайшы. Сондықтан ғалым бүгінгі қоғамда рулық бөліністі қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі өлшемге айналдыруға болмайтынын айтады.

Руды білу мен руға бөлінудің аражігін ажырату маңызды

Дегенмен этнограф рулық жүйенің тарихи маңызын жоққа шығармайды. Керісінше, оны қазақ халқының шежіресі мен қоғамдық тарихының маңызды бөлігі ретінде бағалау қажет екенін айтады.

Ғалым осы ретте ру тек бір адамның тікелей ұрпағынан құралмайтынын атап өтті. Тарихи кезеңдерде оның құрамына өзге адамдар да қосылып отырған. 

Этнографтың пайымдауынша, егер рулық жүйе бүгінгі күні толыққанды қоғамдық институт ретінде жұмыс істесе, онда әкімшілік-аумақтық құрылым да ру атауларына негізделер еді. Бірақ қазіргі Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мұндай қағидатпен ұйымдастырылмаған. Сондықтан ғалым ру тарихын сақтау мен оны қоғамдық өмірде негізгі өлшемге айналдырудың аражігін ажырату қажет екенін алға тартады.

«Егер біз біртұтас ұлт боламыз десек, ең алдымен, ұлттық саяси жүйені қалыптастырған, саяси институттарды басқарған тарихи тұлғаларымызды көбірек дәріптеуіміз керек. Бұл ретте, әсіресе, Алаш қайраткерлерінің орны ерекше. Олар мыңдаған адамның арасынан суырылып шығып, әйгілі оқу орындарында білім алған, жоғары бәсекеден өткен, аса дарынды әрі қабілетті азаматтар. Қазақ әдебиеті мен ғылымының негізін қалады. Сондықтан осындай тұлғаларды ұлттық мақтанышымызға айналдырып, кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек», – дейді Жамбыл Артықбаев.

Ғалымның пікірінше, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда адамның шыққан тегінен гөрі ортақ құндылықтар мен мүдде маңызды. Қазақ тілін меңгеріп, салт-дәстүрді қабылдап, қазақ қоғамымен етене араласқан өзге этнос өкілдері де ұлттың бір бөлігіне айнала алады.

Осы тұрғыдан алғанда, руға қатысты шежірені сақтау мен оны қоғамдық-саяси қатынастарға араластыру екі бөлек мәселе. Әр адамның өз әулетінің тарихын зерттеп, ата-тегін білуіне еш кедергі жоқ. Бірақ оны адамдарды жіктеудің немесе белгілі бір артықшылық берудің құралына айналдыруға болмайды.

Заңмен шектеу қою қаншалықты орынды?

Осы тұста депутаттың ұсынысы тағы бір мәселені алға шығарады. Қолданыстағы заңнамада заңды тұлғалардың атауында ру немесе жүз атауларын пайдалануға тікелей тыйым салатын арнайы норма жоқ. Аят Сүгірбай осы олқылықты заңнамалық деңгейде реттеу қажет деп санайды.

Алайда мәселенің құқықтық жағы да назар аударуды қажет етеді. Бір жағынан, қоғамдық бірлік пен рушылдықтың алдын алу маңызды болса, екінші жағынан, тарихи атауларды пайдалануға шектеу қоюдың нақты өлшемдері болуы керек. Мұндай норма қабылданған жағдайда оның қандай ұйымдарға қолданылатыны, бұрын тіркелген заңды тұлғалардың мәртебесі қалай реттелетіні де айқындалуға тиіс.

Руды білу мен руға бөлінудің аражігін ажыратып алған жөн. Алғашқысы – тарихи жады мен ата-баба мұрасын сақтау болса, екіншісі – қоғамдық қатынастарда адамдарды шыққан тегіне қарай жіктеу. Сондықтан бұл мәселені тек шектеу арқылы емес, ұлттық бірегейлік, қоғамдық сана және мемлекеттік институттардың рөлі тұрғысынан да талқылау қажет.