Қызылорда облысында қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және жол қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соның негізінде бір апта ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында бірқатар құқық бұзушылық анықталып отыр.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық орындардың тазалығын бақылау бейнекамералар арқылы үздіксіз жүзеге асырылуда. Нәтижесінде бір аптада қоршаған ортаны ластаудың 314 дерегі тіркеліп, заң бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылдандған.
Бұған қоса жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде бір апта көлемінде облыс аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 6 мыңнан астам дерегі анықталған. Оның ішінде 2077 жүргізуші белгіленген жылдамдықты асырса, 1080 азамат қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сонымен қатар маневр жасау қағидаларын бұзудың 244, қарсы бағытқа шығу және басып озу талаптарын сақтамаудың 56 дерегі тіркелсе, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 266 және тиісті құжатсыз немесе көлік басқару құқығынсыз рөлге отырған 268 жүргізушіге тиісті шаралар қабылданған. Сонымен қатар рейд барысында өңірде бір апта ішінде масаң күйде көлік басқарған 24 жүргізуші жауапкершілікке тартылғанын мәлімдейді.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға және масаң күйде көлік басқармауға шақырады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы