Ақмолада су қоймасы салынып, тұрғындар жаңа ауылға көшіріледі

Ақмола облысында келер жылы Есіл өзенінің бойында ірі гидротехникалық нысанның құрылысы басталмақ.

Жобаның негізгі мақсаты көктемгі су тасқыны кезінде жиналатын суды жинақтау, елді мекендерді су басу қаупінен қорғау және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Алайда бұл жобаның тағы бір маңызды тұсы бар. Су қоймасының құрылысына қатарлас су басу қаупі бар елді мекендердің тұрғындарын көшіру мәселесі де қарастырылып отыр. Жоспар бойынша, көшірілетін жұрт үшін жай ғана тұрғын үй емес, заманауи талаптарға сай толыққанды жаңа ауылдар бой көтермек. Онда жаңа баспаналармен қатар әлеуметтік нысандар да салынбақ.

Яғни, жоба тек тасқын судың алдын алумен шектелмейді. Оның аясында тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жаңа қоныстар қалыптастыру көзделген.

- Өңірде бұл бастама 2027 жылы жүзеге асырылатын ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарына енгізілген. Алдағы уақытта су қоймасының құрылысы мен тұрғындарды көшіру жұмыстары қатар жүргізілмек, - дейді Ақмола облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының мідетін атқарушы Азамат Байқуанышев.

Бұл Ақмола үшін тек гидротехникалық құрылыс емес, табиғи апат қаупі бар аумақтардағы халықтың өмір сүру жағдайын түбегейлі өзгертуге бағытталған маңызды жоба болмақ. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы