Ақмолада мас жүргізуші әйелін көлікпен қағып өлтірді

Ақмола облысының Аршалы кентінде қайғылы оқиға болды. Мас күйде көлік тізгіндеген ер адам “ВАЗ-2114” автокөлігімен өз әйелін қағып кеткен.

Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға марқұмның күйеуі себеп болған. Ол алкогольдік масаң күйде "ВАЗ-2114" автокөлігін басқарып келе жатып, әйелін қағып кеткен. Соққыдан ауыр жарақат алған әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Оқиғаға қатысты Аршалы аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың қалай болғанын және оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Көлік тізгіндеген күдікті ұсталды. Сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатқанын хабарлады.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы