Ақмолада жаңа көліктер тиелген автокөлік тасығыш аударылып қалды

Ақмола облысында жаңа автокөліктерді тасымалдап келе жатқан тағы бір автокөлік тасығыш көлік жол жиегіндегі кюветке аударылды.

Жол апатынан жүргізуші түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ал тасымалданып бара жатқан қытайлық пикаптардың бірнешеуі бүлінген, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға бүгін Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 300-шақырымында, Перекатное ауылының маңында болған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, FAW маркалы автовоздың жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті жол жиегіндегі кюветке аударып алған. Алдын ала ақпарат бойынша, жүргізуші рөлде ұйықтап кеткен болуы мүмкін. Алайда апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Жүргізуші түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілген.

- Жүк тасығыш көлік жеті қытайлық пикапты тасымалдап бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бес автокөлік механикалық зақым алған. Жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Осыған байланысты Ақмола облысының полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін асырмауға және рөлде барынша мұқият болуға шақырды.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы