Жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey форумы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Ақорда жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 конференциясын өткізудің маңызына тоқталды.
– Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының E-Government, яғни электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға табан тіредік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың қызметін, әсіресе киберқауіпсіздікті дамыту барысын қызығушылықпен зерделеп отыр.
– Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін белсенді жұмыс атқарып жатқанына назар аударды.
– Сауда-саттыққа қатысты өте дұрыс айттыңыз. Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің, АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Ресей Президенті Владимир Путиннің Шэньчжэнь қаласындағы үшжақты кездесуінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.
– Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді. Байқауымша, аталған декларацияны әзірлеуге Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Өйткені жазылу мәнері мен мазмұны маған таныс. Жиі айтып жүрген мәселелеріңіз осы құжаттың негізгі тармақтары ретінде енген екен. Бұл, әрине, ресейлік дипломатияның және Ресей мемлекетінің зор жетістігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Владимир Путин сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды түрде дамып келе жатқанына тоқталды.
– Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушыларымен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Отыз миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр, – деді Ресей Президенті.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.