Ел болып игі істер жасайтын кезеңдеміз – Құрылтай Үндеу жариялады

Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дихан Қамзабекұлы Қазақстан Республикасы Құрылтайының Үндеуін жариялады.

Үндеуде еліміз өз Тәуелсіздігінің 35 жы­лында тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткергені, өз­ге­ріске толы жылдардағы халқымыздың бо­­­­­ла­шаққа деген үміті пен сенімі мем­ле­кеттің ірге көтеріп, дамуына негіз бол­ға­ны баса айтылған. 

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сы­ның «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» тұ­жы­рым­дамасының құндылығы мен өмір­шең­дігіне айрықша маңыз берілген. 

«Бір айдан соң Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­нің жарияланғанына 35 жыл толады.

Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймыз! Расында да, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!».

Алғаш рет біздің Конституциямызда қас­терлі «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғы­мының бас әріппен жазылуы  елдіктің белгісі деп санаймыз. Осыдан 35 жыл бұ­рын, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған кезде бір халық, біртұтас ел болып бірге қуан­ған едік.

Сол жылдардағы халықтық асқақ көңіл-күй, болашаққа деген үміт пен сенім аспандап тұрғаны дәл бүгінгідей есімізде.

Үмітіміз ақталып, тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткерді.

Шындығында, 1991 жылдың желтоқса­ны мен 2026 жылдың желтоқсаны аралы­ғын­да еліміз зор жетістіктерге жетті деп нық айта аламыз.

Әсіресе соңғы жеті жылда бұрын-соң­ды болмаған түбірлі өзгерістерге бәріміз куә­міз.

Әділеттілік, заң мен тәртіп барлық са­ла­да мызғымас қағидаға айналды». 

Құрылтайдағы барлық партия фрак­ция­лары атынан жарияланған осы Үндеуде Мемлекет басшысының реформаларынан бастау алған оң өзгерістерге ерекше назар ау­дарылып, соңғы жылдары барлық салада қол жеткізілген нақты табыстар тілге тиек етілген.

Сондай-ақ депутат Үндеу аясында шет­елге кеткен заңсыз капиталды қайтару және әділеттілік, заң мен тәртіпті барлық салады мызғымас қағидаға айналдыра оты­рып, экономика игілігін халқымыздың әл-ауқатын көтеру мен ғылым-білімді, мә­дениетті дамыту, денсаулық саласын жаң­ғырту бағытындағы Мемлекет басшы­сының бастамаларын қолдауға шақырды. 

«Оның экономикадағы, іс жүзінде кө­рі­нісі – шетелге кеткен заңсыз капитал елге қайтарылып, халықтың игілігіне жұм­са­лып жатыр. 1 триллион теңгеден аса қар­жы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру­ға бағытталады. 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес одан сайын күшейді, ешбір биік лауазым заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармай­тыны баршаға аян болды. 

Әлеуметтік саладағы әділдік – үш жыл­дан бері «Ұлттық қордағы» қаржыдан түс­кен инвестициялық табыс әрбір балаға тең­дей бөлініп отыр. Дәл қазір 7 миллион­нан аса баланың есепшотына 2,5 млрд АҚШ долларына пара-пар қомақты қаржы аударылған. 

Әділетті мемлекетте отандық ғылым мен мәдениетті дамыту да айрықша на­зар­да. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржы­ландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жет­ті.

Сонымен қатар жеті жыл ішінде 1 300-ден аса жаңа мектеп, 1 483 балабақша, 1 259 медициналық мекеме, 536 спорт жә­не мәдениет нысаны салынды.

Ел экономикасы қауіпсіздігіне нақты кепіл Алтын валюта мен Ұлттық қордың активтері 44 пайызға өсіп, 130 миллиард долларға жуықтады. Бұл – осыған дейін болмаған көрсеткіш. Сондай-ақ соңғы 7 жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылды, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 24 пайызға артты.

Ал ең бастысы, жалпы ішкі өнімнің көлемі 7 жылдың ішінде шамамен 2,5 есе өсіп, 398 млрд долларды құрады. Бұл – Орта­лық Азиядағы ең жоғары деңгей», – де­ді Д.Қамзабекұлы.

Цифрлы трансформация кезеңі са­налып отырған қазіргі дәуірде жаһандық экономика қарқыны онлайн платформалар мен жасанды интеллект қызметтерінің бәсекеге қабілетті болуымен өлшенеді. Президент тапсырмасымен елімізде жа­сан­ды интеллект және цифрлық интеллек­туалды технологияларды экономикалық, әлеуметтік дамудың алғышартына айнал­дыру басты міндет саналады. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы цифрландыруды дамытуға ай­рық­­ша көңіл бөлетінін білесіздер. Қазіргі уа­қытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайы­­зы электронды форматта көрсеті­леді.

Мұның бәрі – қазіргі даму жолымыз­дағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктер. Кейбір азаматтар бүгінгі қайбір қиындыққа екпін түсіріп, шүкіршілік ететін көп та­быс­ты ұмытып жатады», – деді ол.

Үндеуде айтылғандай, биыл жүзеге ас­қан конституциялық реформа мен тұтас сая­си жүйенің жаңаруы Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келуі – мәні те­рең рәмізді оқиға. 

Бұл – барымызды бағалап, жетіс­тік­терімізді арттыратын, мемлекеттік басқару  мен экономиканы ғана емес, тұтас қоғам­дық сананы жаңартатын тарихи кезең, тарихи мүмкіндік. 

Осы ретте депутат Үндеуде Мемлекет бас­шысының Тәуелсіздігіміздің 35 жыл­дық тарихи белесін мемлекет дамуының нақ­ты мақсат-мүддесін айқындайтын жауап­ты кезеңге айналдыру бағытындағы ұста­нымын ерекше атап өтті.

«Таяуда Ауыл шаруашылығы еңбек­кер­лері форумында Президентіміз: «Мем­лекетіміздің Егемендігін, Тәуелсіздігін қор­ғауға қатысты кейбір мәселе түбегейлі ше­шімін таппады» дегенін жақсы біле­сіз­дер. Рас, азаттығымызды баянды, бір­лі­гі­міз­ді берік ету жолында атқарар ортақ ісі­міз әлі де аз емес. Сондықтан қазір біз – ел бо­лып, қоғам болып игі істер жасайтын ке­зең­деміз.

Ол үшін Мемлекет басшысы Жол­дауын­да жария еткен «Халықтық құрылыс» жо­басы сияқты ел әлеуетін арттыратын іс­терге бірлесе атсалысқанымыз жөн. 

Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт бо­лып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» ха­лық­тық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абырой­лы міндет!

Мұны 35 жылдық белес аясында бас­талған тегеурінді, ауқымды жоба деп айта ала­мыз. Халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инф­рақұрылымдық нысан салынып, бар­шаның пайдалануына беріледі. Әді­лет­тіктің жалпыұлттық құрылысы – осы күн­ге өнеге, келешекке мақтаныш болады деп сенеміз.

Бірлігіміз артсын, берекеміз молай-сын!» – делінген Үндеуде.

Құрылтай Үндеуі мемлекет пен ұлттың болашағын өткен тарихымыз бен бүгі­ні­міз­ден бөле-жара қарауға болмайтынын, елі­міздің барлық игілігі мен жетістігі жұрт бо­лып, жұмылып, ұлт болып ұйысудың ар­­қа­сында ғана мүмкін болып отырғанын көр­сетеді. 

Ал мұның өзегінде Мемлекет басшы­сы­ның реформалары және содан туын­дайтын саяси, экономикалық, қоғамдық оң өзгерістер логикасы жатыр.

Қастерлі Тәуелсіздік күні қарсаңында, Құрылтайдағы барлық партия фрак­ция­лары атынан, бірауыздан жасалған осы Үн­деу жұртшылық тарапынан да оң баға алып, қолдау табуда. 

Үндеуге пікір білдірушілердің барлығы да Президенттің «Халықтық құрылыс» жобасына ерекше тоқталды. Көпшілік бұл бастама тек инфрақұрылымды жаңғырту ға­на емес,  мультипликативті түрде ха­лық­тың әлеуметтік жағдайын жақсартып, та­бысын арттыруға мүмкіндік туғыза­ты­нын, елдегі тұрақтылық пен дамуға негіз болатынын баса айтты.  

Бізбен тілдескен сәтінде белгілі заңгер, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Құрылтай жариялаған Үндеу­дің маңызы зор екенін атап өтті.  

– Мемлекетіміздің дамуында Құрыл­тай­дың рөлі өте жоғары деп білемін. Құ­рыл­тай мемлекеттік шешімдердің қабыл­дануын тездетуде, мемлекеттегі партиялық жүйені бекітуде және саяси басқарудың ашық және қоғамды есепті болуына өзінің үлесін қосады. Сондықтан Құрылтай жа­рия­лаған Үндеудің мәні зор.  

Ендігі міндет – қазақ қоғамының әрбір мүшесі, әрбір қазақстандық азамат Президент жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастамасын қол­дап, Құрылтай Үндеуіне нақты іспен үн қо­сып, жұдырықтай жұмылып, адал табыс тауып, адал еңбек етіп, елдің әлеу­мет­тік, экономикалық, саяси дамуына үлес қосуы керек, – дейді заңгер.

Тәуелсіздік күні қарсаңында жария­ланған Құрылтай Үндеуі еліміздің шын мәнінде игі істер мен ірі мақсат-мұрат­тар­ды бірге еңсеретін тарихи кезеңге, маңыз­ды белеске жеткенін айғақтайды.