БҰҰ-ның күні кеше жариялаған «Электронды Үкіметті дамыту» рейтингінде еліміз 16-шы орынға көтерілді және әлемдік алпауыт АҚШ-тың қасына жайғасты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ рейтингіндегі үздік мемлекеттердің жаһандық жиырмалығына еркін еніп отыр. Бұл теңдессіз табысқа қалай жеттік? Қазақ елінің eGov-тан QazTech-ке тарихи көші қалай жүзеге асып жатыр?
Цифрлық дәуірдегі тарихи серпіліс
Дүниежүзілік «Электронды Үкіметті дамыту индексінде» (UN EGDI) 24-ші орыннан 16-шы орынға көтеріліп, алғаш рет «ең жоғары рейтингтік сыныпқа» қосылдық. Бұдан былай Қазақстан цифрлық мемлекет құруда көш басындағы Оңтүстік Корея, Сингапур, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, АҚШ секілді алыптармен бір деңгейде аталады.
Республиканың екі жылда бірден 8 сатыға көтерілуі БҰҰ баяндамасында «көшбасшы елдер арасындағы ең бір елеулі ілгерілеу» деп бағаланды. Қазақстан – осы деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел. Бұл – Президенттің толыққанды цифрлық ел құру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың және мемлекеттік басқаруды трансформациялаудың негізгі құралы ретінде ЖИ-ді дамытуға басымдық берудің тікелей нәтижесі.
Екі жыл ішінде Қазақстан 2024 жылғы рейтингте өзінен жоғары тұрған Швецияны, Германияны, Ирландияны, Жаңа Зеландияны, Аустрияны және Жапонияны артқа тастады. Ел индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті, ал әлемдік орташа көрсеткіш 0,6675 қана. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тағы да І-ші орында! Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-ші, Әзербайжан 38-ші, Ресей 50-ші орынды місе тұтты.
Қазақстан негізгі бағыттың бәрінде өсті. БҰҰ байланыс саласында елдің елеулі алға озғанына да назар аудартты: мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша республика әлемдік рейтингте 41-ші орыннан 13-ші орынға биіктеп, телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейі бойынша әлемдік лидер Эстониямен теңесті. Қарапайым халықтың бұл тарихи жетістіктегі үлесі сүбелі: цифрлық сервистерді белсенді әрі сенімді пайдалану, цифрлық сауаттылық көрсеткішін шамамен 1,5 есе арттыру, сондай-ақ білім мен дағдылар деңгейін көтеру арқасында еліміз бұл бағытта 42-шіден 28-ші орынға жоғарылады.
БҰҰ баяндамасында eGov.kz, eGov Mobile экожүйесі – интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі, ал alem.ai халықаралық орталығы – білім, зерттеу, стартаптар мен қолданбалы ЖИ-ді дамыту алаңы ретінде атап өтілді. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан жеткен жоғары деңгейімен шектелмей, өз позициясын одан ары нығайтып келеді. Мұндағы жетістік жекелеген сайттардың дамуынан бастап, меморгандардың өзара іс-қимыл платформаларын, цифрлық сәйкестендіруді, мобильді сервистер мен AI-ХҚКО-ларды біріктіретін бірыңғай жүйенің қалыптасуынан тамыр тартып жатыр.
Жалпы, цифрлық мемлекет дегеніміз – қызметтерді компьютерге көшіру ғана емес, адамның уақытын үнемдейтін, бюрократиялық кедергіні азайтатын, шешімді дер кезінде қабылдайтын жүйе. Сондықтан бұл биік белестің астарында мемлекеттік басқарудың мазмұнын өзгерткен, технологиялық инфрақұрылымды жаңартқан, халық пен билік арасындағы байланысты жаңа арнаға бұрған ауқымды реформа жатыр.
eGov-тан QazTech-ке ұлы көш
Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылғы қаңтар-қазанда электронды Үкімет арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Оның үштен екісіне жуығы смартфон арқылы алынған. Демек, көркем тілмен айтқанда, «мемлекет азаматтың қалтасында».
Бұрын негізгі қызметтер «Электронды Үкімет» порталы айналасында өрбісе, бүгінде eGov Mobile, eGov Business, eGov GPT, e-Otinish, «Әлеуметтік әмиян» және басқа платформалар өзара байланысқан бірыңғай цифрлық экожүйеге айналып келеді. Мәселен, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясы мамандарының түсіндіруінше, ЖИ ендірілген eGov GPT-ге қарапайым қазақстандық өзі тап болған өмірлік жағдайын қарапайым тілмен сипаттап берсе болғаны, бұл сервис оған қажетті қызметті өзі анықтап, жауапты органға өтінішті дайындауға көмектеседі. Әзірге бұл жүйе ең сұранысқа ие 50 қызметті қамтиды. Жыл соңына дейін оның өрісін 150 қызметке дейін кеңейту жоспарланған. Бұл қызметтер жалпы өтініштер ағынының 80%-ына дейінгі бөлігін қамтиды.
Жасанды интеллектіні дамытуға арналған отандық есептеу инфрақұрылымы қалыптасып келеді. Оның құрамына TOP-500 халықаралық рейтингінде 86-орынға ие болған Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері және осы рейтингте 103-орынға жайғасқан «Қазақтелекомның» коммерциялық суперкомпьютері кіреді. Ал отандық IT-қызметтер экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жетіпті.
– Президент Қазақстанды 3 жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Нәтижеге жүйелі жұмыс арқылы қол жеткізіледі. ЖИ-ге басымдық беру өз тиімділігін көрсетті: ол бюрократиялық процестерді өз мойнына алды, адамдарға стратегиялық және шығармашылық міндеттерге уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Алдымызда тұрған келесі міндет – азамат өзі сұраныс білдірмей тұрып-ақ қажетті қызметтерді алдын ала ұсынатын мемлекет қалыптастыру, – деді вице-премьер – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Қазақстанның цифрлық жаңғыруындағы келесі тарихи шыңы – дәстүрлі «электронды Үкімет» моделінен бірыңғай технологиялық архитектураға көшу болмақ. Бұрын әр меморган ақпараттық жүйесін өз бетінше әзірлеп, әртүрлі технологияларды пайдаланды. Соның салдарынан бірін-бірі қайталайтын өнімдер пайда болып, деректерді қорғау тәсілдері әркелкі қалыптасты. Жүйелерді әзірлеу жылдарға созылып, олардың қауіпсіздігін тексеру қосымша уақыт алды.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2026 жылғы 1 сәуірден бастап цифрлық өнімдерді әзірлеудің бірыңғай ортасы – QazTech платформасы іске қосылды. Енді мемлекеттік ақпараттық жүйелер ортақ технологиялы негізде әзірленіп, біріктіріледі. Платформаның инфрақұрылымы тәулік бойы бақылауда екен. Security by Design қағидаты қауіпсіздікті жобалау кезеңінен енгізсе, DevSecOps құралдары бағдарламаны әзірлеу, сынақтан өткізу, пайдалану барысында қорғалу деңгейін автоматты түрде тексереді.
Үкімет қолданыстағы жүйелерді көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. 2026 жылы 39 жүйені көшіру жоспарланған: 36-сында жұмыс аяқталу сатысына жетті. Қосымша 25 жүйе жоспардан тыс әзірленіп, көшірілмек. 10 ақпараттық жүйе платформада толық жұмыс істей бастады. Мемлекет басшысы QazTech-тен тыс жаңа мемлекеттік жүйелер құруға мораторий жариялады. Бұл – ведомстволық бытыраңқылықтан ортақ цифрлық тәртіпке көшудің нақты көрінісі.
Жаңарудың нәтижесі күнделікті қызметтерден байқалады. Бұрын ата-аналар шабуылдағанда, балдырғандарды І-ші сыныпқа қабылдау жүйесі жыл сайын алғашқы күні-ақ істен шығатын. Биыл Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақтелеком» бірлесіп, оны QazTech платформасында қайта даярлады. Жүйе ақаусыз істеп, 365 мыңнан астам өтінімді қабылдады. Электронды Үкімет шлюзінің өткізу қабілеті де 2,5 есеге артты. Былтыр осы шлюз арқылы мемлекеттік баж және бюджетке басқа ақыны төлеудің 19 миллиардтан астам транзакциясы өткен. Жыл сайын жүктеме 25%-ға өскеніне қарамастан, жаңа жүйеде деректер алмасу жылдамдығы мен тұрақтылығы жақсарды. QazTech негізінде eGov 3.0 порталы іске қосылып, қызмет алу қадамдары қысқартылған.
Бірыңғай платформаға көшудің игілігі көп көрінеді. Мемлекеттік деректер базаларының интеграциясы азаматтан анықтама жинауды, құжаттарды сканерлеп, қайта-қайта тіркеуді талап етпейтін жүйе қалыптастыруға жол ашады. Келесі қадам – «Өмір жолы» қағидаты. Яғни мемлекет азаматтың өтінішін күтпей, өміріндегі маңызды жағдайларға қарай қажетті қызметті өзі, проактивті ұсынуы керек.
Мұның бәрі 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясының аясында жүзеге аспақ. Жоспар бойынша мемлекеттік қызметтердің кемінде 40%-ы ЖИ мен автоматтандыру арқылы жаңғыртылып, қызмет алу уақыты екі есе қысқаруға тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесін 30%-ға дейін азайту көзделген. Сонымен бірге киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті жою басты назарда қалуы қажет.
Қорыта айтқанда, тек жаһандық рейтингтерде тоқтаусыз өрлеу емес, цифрлық ілгерілеу арқылы өмір сапасын арттыра түсу маңызды. Түпкі мақсат – азаматтан артық анықтама талап етпейтін, қажетті деректі өзі табатын, адамның өмірлік жағдайын алдын ала түсініп, қызметін ұсынатын нағыз цифрлық мемлекетті құру. Ол цифрлық технологиялардың қалауын тауып, ұтымды қолданып, әр азаматының мәселесін еш сергелдеңсіз тез, кедергісіз әрі толыққанды шешуге тиіс.
Айхан ШӘРІП