Реинвестициядан құралған көрсеткіш

Қазақстанға шетелден инвестиция тарту жұмысы соңғы жылдары көңіл көншітпей жүр. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында үнемі айтып келеді.

Уақыт өткен сайын әлемде сыртқы инвестицияға талас күшейіп барады. Қазақстан да сол бәсекеде кемшін түспеуі керек. Алайда ресми мәліметке қарағанда, биылғы алғашқы жартыжылдықта елге тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 9,4 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға аз. 

Ал қарсы бағыттағы инвестициялық опе­рацияларды, соның ішінде шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелерді өтеу­ді есепке алғаннан кейінгі таза тікелей шет­елдік инвестициялар ағыны айтар­лық­тай қысқарған. Осы аралықта таза ТШИ кө­лемі небәрі 470,6 млн долларды құрап, был­тырғы сәйкес кезеңіндегі 928,5 млн дол­лармен салыстырғанда 49,3%-ға тө­мен­деген. 

Бір қызығы, ел экономикасында соңғы он жылда осындай үрдіс белең алған. Мұ­ны ресми статистика көрсетіп отыр, яғни ин­вестицияның басқа бөліктерінде теріс динамика байқалып жатса, қаражаттың осы түрі жалпы көрсеткішті әрдайым оң мән­де ұстап келеді екен. Тек алдыңғы жы­лы жағдай біршама өзгерген. Қайта ин­вес­тицияланған табысты есепке алмағанда, таза тікелей шетелдік инвестициялар ағы­ны оң көрсеткішке шығып, 647,1 млн дол­ларға жеткен. Алайда 2026 жылдың осы кезеңінде оң динамика әлсіреп, инвес­ти­ция көлемі жоғарыда айтылған 501,6 млн долларға дейін қысқарып отыр. 

Сонымен қатар қайта инвестиция­лан­ған табыс елден әкетіле бастады. Биылғы әуел­гі 6 айда шамамен 31 млн доллар шет­ел­діктердің қалтасында кеткен. Ал бір жыл бұрын шамамен 1,7 млрд доллар болған еді. Соның арқасында шетел қаражаты де­генде реинвестиция емес, таза қаржы құйы­лып жатқанын аңғартады. Оның өсуі шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы жо­баларға қаражат салуды жалғастырып отыр­ғанын аңғартады.

Тап осы шетелдік инвестиция жайына Мем­лекет басшысы биылғы Жолдауында да арнайы тоқталған еді. Президенттің ай­туынша, әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үш­ін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әре­кет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тар­ту және оларды жан-жақты қолдау жүйе­сінде бірізділік жоқ. 

– Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойын­да не бар болса, соны істей береді. Нә­тижесінде кешенді көзқарас та, үйле­сімділік те, сабырлық та, білім де жетіс­пей­ді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік бере­тін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Ме­нің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мә­селені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау ке­рек. Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бір­дей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген, – деген еді Жолдауында. 

Кей сарапшылар таза шетелдік инвес­ти­цияның неліктен төмендегенін былай түсіндіріп көреді. Олар ірі мұнай-газ жоба­ларына салынған инвестициялардың аяқ­талуынан көреді. Айталық, Halyk Finance мамандарының бағалауынша, инвестиция көлемінің төмендеуіне әсер еткен негізгі фак­­торлардың бірі – мұнай-газ сала­сын­да­ғы ірі жобалардың аяқталуы. Соның ішінде Теңіз кен орнын кеңейту жоба­сы­ның құрылыс кезеңінен өндірістік пай­да­лану кезеңіне өтуі капитал қозғалысына ықпал еткен. Өйткені ауқымды жобаларға құры­лыс кезінде миллиардтаған доллар жұм­салады. Ал кәсіпорын пайдалануға беріл­геннен кейін инвестициялық шы­ғын­дар азайып, өндіріс табыс әкеле бас­тайды.

Дегенмен Қазақстанға келетін шет­елдік капиталдың барлық бағытта қыс­қарғанын айтуға болмайды. Сарапшы Нұр Қанатұлы келтірген мәліметтерге сәйкес, тау-кен өндіру өнеркәсібінен тыс сала­лар­дағы таза инвестиция ағыны 3,2 миллиард дол­лардан 4,3 миллиард долларға дейін өскен. Бұл дерек шетелдік инвесторлар Қазақстаннан жаппай кетіп жатыр деген пікірге қайшы келеді. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Қазақстан экономикасы көп жыл бойы ірі шикізат жобаларына сүйеніп дамыды. Мұнай-газ саласына салынған инвестициялар өндіріс көлемін арттырып, экспорттық түсім мен салық кірістерінің өсуіне мүмкіндік берді. Бірақ мұндай жобалардың инвестициялық кезеңі шектеулі. Бір кен орнын кеңейту жұ­мыстары аяқталған кезде оның орнын басатын жаңа өндірістер мен инвес­тиция­лық жобалар қажет.

Сондықтан алдағы жылы елімізге шет­елдік инвестициялар негізінен сол жо­ба­лардың әлеуеті мен тиімділігіне қарай іріктеліп келуі мүмкін. Жекелеген ірі келі­сім­дер жалпы көрсеткішті жақсартады-ау дегенмен бұл тұрақты инвестициялық өсім басталды дегенді білдірмейді. Инвесторлар ең алдымен жобаның табыстылығына, электр энергиясы мен инфрақұрылымның қолжетімділігіне, өткізу нарығына және құқықтық тұрғыдағы қауіпсіздігіне жете назар аударады.

Қазақстанның шикізатты терең өңдеу, агроөнеркәсіп, логистика, энергетика және өнеркәсіптік жабдықтар шығару ба­ғыт­тарында әлеуеті жеткілікті. Алайда бел­гілі бір саланың мемлекет үшін маңыз­ды болғанымен, инвестор үшін үнемі тар­тым­ды бола бермеуі мүмкін. Өйткені кез кел­ген компания салған қаражатының қан­­ша уақытта қайтатынын және өз құқы­ғының қаншалықты қорғалатынын білгісі келеді.

Инвестицияның азаюы мұнай бағасы­ның төмендеуімен немесе экспорттық жет­кізілімдердің бұзылуымен қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік бюджет пен валюта нарығына қосымша қысым түседі. Дегенмен теңге бағамын тек шет­елдік инвестиция көлеміне қарап бол­жау дұрыс емес. Оған экспорт пен импорт, мұнай бағасы, бюджет опера­ция­лары және ақша-кредит саясаты сияқты көптеген фактор әсер етеді.

Ал қолайлы жағдайда Қазақстан ши­кізат өндіруден тыс салаларға бағытталған инвестиция өсімін тұрақты үрдіске айнал­дыра алады. Ол үшін ең алдымен бизнестің жұмыс істеу жағдайын жақсарту қажет. Дү­ниежүзілік банк те Қазақстанның ұзақ­мерзімді дамуы үшін бәсекелестікті кү­шейту, мемлекеттің экономикаға ара­ласуын азайту, инфрақұрылым мен адами ка­питалды дамыту маңызды екенін атап көр­сетеді.

Сарапшылардың пікірінше, инвестор­ларға тұрақты салық саясаты, меншік құқы­ғының нақты қорғалуы, инфрақұры­лым­ға тең қолжетімділік және әділ бәсе­ке­лестік қажет. Бұл талаптар шетелдік ком­панияларға ғана емес, отандық кәсіп­керлерге де қатысты. Өйткені қазақстан­дық бизнес өз қаражатын жаңа өндірістерге салуға дайын боп жатса, бұл да ел эконо­микасына деген нық сенімнен туған әр­е­кет. Осы тұрғыдан алғанда, инвестициялық саясаттың тиімділігін тек тартылған мил­лиардтармен бағалау жеткіліксіз. Ең бас­тысы – сол қаражаттың нәтижесінде қан­­ша кәсіпорын ашылғаны, қанша тұ­рақ­­ты жұмыс орны құрылғаны, қандай тех­­нологиялар енгізілгені және экспортқа шы­ғарылатын өнім көлемінің қаншалықты арт­қаны.

Тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны екі есеге жуық қысқаруы – Қазақ­стан экономикасы үшін назар аударуға тұрарлық белгі. Бұл инвесторлардың елден жаппай кетіп жатқанын білдірмейді. Бірақ экономиканың ірі шикізат жобаларына тәуелділігі әлі де жоғары екенін көрсетеді. Ендігі басты мәселе, Үкіметтің алдағы үш-бес жылға арналған нақты инвестициялық жоспары қандай болмақ? Мұнай-газ сала­сындағы ірі жобалардың орнын қандай өндірістер басады? Қазақстан эконо­ми­касы шикізат экспортына тәуелділікті азай­тып, жаңа табыс көздерін қалыптас­тыра ала ма? Инвестиция статистикасын­да­ғы қазіргі өзгерістер осы сұрақтарға жауап іздеуді талап етеді.

Ербол ТҰРЫМБЕТ