Шеңберге сыйған шексіздік

Бүгін киіз үйдің ЮНЕСКО тізіміне енгеніне тура бір мүшел толып отыр. 2014 жылы 26 қараша күні қазақтың дәстүрлі баспанасы әлемдік деңгейде ресми мойындалды. Дегенмен оның қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуге тиіспіз. Мәдени мұрамыздың мәлім де беймәлім қырларына тағы бір үңіліп көрейік.

Жер бетінде Антарктидадан басқа құрлықтың бәрінде далалық өңірлер бар. Ең көлемдісі Еуразияда: шығысында Хинган таулары мен батысында Карпат тауларының арасында кеңінен керіліп жатыр. Бұл – ұзыны 7,5 мың, көлденеңі 1,6 мың шақырымға созылатын ұлан-ғайыр Ұлы дала. Көшпенділердің үш мың жыл бойы тербеліп өскен тал бесігі. Қазіргі қазақ жері төрт түлік малмен көшіп-қонуға, табиғаттың қатал құрсауынан сытылып шығып, жыл құсындай көктемді қуалап жүруге мейлінше ыңғайлы мекен еді. Бірақ жүздеген, мыңдаған шақырымды еңсеріп, ұдайы қоныс жаңартып тұруға қолайлы баспана қажет болды. Сондықтан ата-бабамыз есте жоқ ерте заманда киіз үйді ойлап тауыпты. Жинамалы һәм жылжымалы өнер туындысы халқымыздың бай тәжірибесін, ой-өрісін, талғам-танымын, шеберлік шалымын көрсетеді. Осы орайда Қазақстанның Мәдениет қайраткері Егеухан Мұқамәдиқызы адамзат өркениетінде киіз үйдің мән-маңызы ерекше деп есептейді.

– Қазақтың киіз үйіне жететін үй жоқ. Бір жерге көшіп барсаң, киіз үйді тіге салып отыра қаласың. Ал көшіп кетсең, жұртыңда түк жоқ. Мынадай мысал айта кетейін: Сағынайдың асында 3 мың киіз үй тіккен дейді. Бертінде, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында 1,5 мың киіз үй тігілді. Мың жарым киіз үй Жидебайдың алқабын түгел алды. Үш күн ойын-той болды, айтыс болды. Қарақұрым адам жиналды. Сол халық тарап, той біткеннен кейін киіз үйді жықты да, көлікке артып кетті, жұртында түк қалған жоқ, – дейді ақын.

Жалпы, көшпенділердің қолөнер мәдениеті тым терең­нен тамыр тартады. Алтын өңдеу техникасын мең­герген сақтар аң стилін дүйім дүниеге танытса, қа­ра темірді қамырша илеген түркілер ежелгі метал­лургияны дамытқан. Жиырмасыншы ғасырдың ал­ғаш­қы ширегіне дейін көшпелі өмір салтын ұстанған қа­зақтар бұл дәстүрді ілгері жылжытты. Әсіресе киелі киіз үй дала өркениетінің өзегіне айналды. Ондағы сүйек­тен, ағаштан, киізден, шиден, неше түрлі ши­кізаттан жасалған жасау-жабдықты ғажайып ақыл-ой­дың нәтижесі деп қабылдасақ, еш қателеспейміз.

Киіз үйдің нақты қашан пайда болғанын тап басып айту қиын. Әзірше ең көне дерек біздің заманымыздан бұ­рынғы үш мыңыншы жылдардан, қола дәуірінен белгі береді. Мұны Алтай тауларындағы, Сібірдің Баяр жар­тасындағы, Қырымның жақпар тастарындағы пет­роглифтер аңғартады. Ең көне материалдық ай­ғақтарды Алтайдағы Пазырық, Моңғолиядағы Нои-нулин қорғандарында сақталған киіз үлгілері әлемге әйгілеген. Ал ең көне жазба мәлімет грек тарихшысы Герадоттың скифтер жайлы еңбегінде бар. Ежелгі үй­сін ханына ұзатылған Қытай императорының қызы Шид­жүннің сағыныш жырында:

«Дөңгелек үй, туырлық – там орнына,

Ет жеп, айран ішеді ас-суына», –

деген сөздер ұшы­ра­сады. Византия елшісі Земарх, кейінгі Плано Кар­пи­ни, Рубрук, Ибн-Батута сияқты саяхатшылардың жаз­басында 40 өгіз сүйреп жүретін алып арбаның үс­тіне тігілген ақ ордалар суреттеледі. Тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Ұлан Үмітқалиев киіз­дің көшпелі тұрмыста қола дәуірінен бастап қол­да­ныл­ғанын айтады.

– Мәселен, Шығыс Қазақстандағы археологиялық қаз­балар кезінде жерленген адамның астына төселген киіз табылды. Бұл киіздің шамамен төрт мың жыл бұ­рын да болғанын дәлелдейді. Киіз – көшпелі өмір сал­тының ажырамас бөлігі. Көшпенділер қой мен жыл­қыны тіршілігіне тиімді пайдаланды. Жылқыны кө­лік қылып мінсе, қойдың жүнінен киіз басып, тұр­мысқа қажетті бұйымдар жасады. Сонымен қатар біз­дің жеріміздегі қола дәуірі тайпалары кен байлығын иге­ріп, металлургиямен айналысқан. Осы кәсіптердің да­муы олардың көшпелі өмір салтына ойысуына ық­пал етті, – дейді ғалым.

Қазақ әр жабдықтың қадір-қасиетін жақсы білген. «Есі­гің – есің, босағаң – сесің, табалдырық – тәубең, маң­дайша – мәртебең, шаңырақ – пірің, туыс – кере­гең, төр – дәрежең, ошағың – ырыс, түтінің – тыныс, бел­деуің – қорған, түндігің – тегің, туырлық – елің, уы­ғың – ерің, осының бәрін көтерер – піл сауырлы қа­ра жерің» деп тұжырым түйген. Осы жүздеген бөл­шек бір-бірімен жымдасқан кезде біртұтас сәулет туын­дысын құрайды. Киіз үйдің құрылымына көз жүгірт­сек, бірде-бір шеге қағылмайтынын байқаймыз. Оның жабдықтары тек ағаш, қайыс, қыл арқан, киіз­ден ғана жасалады. Геометрия талаптары да қатаң ес­керіледі. Мысалы, уықтың біртіндеп иіліп келуі пара­бола заңымен дәлме-дәл сәйкессе, күмбез тәрізді пі­шіні тепе-теңдікті сақтап, пропорциялы формасы үй­дің дизайнын үйлестіре түседі.

– Шаңырақтың өзі шеңберленіп келіп, ортасына шы­бықтар орнатылады. Ата-бабамыз сол күлдіреуіш­тен күннің көзін көріп отырған. Күннің шығуы мен батуын бақылап, уақытты белгілеген. Айға қарап та жо­рамал жасаған. Сонымен қатар шаңырақ мұржа қыз­метін де атқарған. Жалпы, шаңырақ деген қазақ хал­қы үшін өте қасиетті ұғым ғой. «Шаңырағың биік бол­сын» деген тілек осы түсініктен туындаған, – дейді PhD докторы.

Киіз үйдің тұрмысқа икемділігі сонша, оны кі­ші­рейтіп немесе үлкейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөл­мелі етіп тігуге болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыс­та суық, жауын-шашында су өтпейді. Киіз үйдің қақ ор­тасына диаметрі бір метрдей ошақ орнатылады. Іргесі шөппен бітеліп, жан-жағы қамыспен қора­ла­нады. Күндіз керегеден ескен самал жел ашық түн­діктен айналып шығып, үздіксіз ауа алмасып тұрады. Уа­қытша тұрақ болғандықтан, киіз үй экологияға да пайдалы: жердің отын тоздырмайды, өсімдіктерді бүлдірмейді.

– Киіз үй көшпелі өмір салтына барынша бейім­дел­ген. Бұрышсыз, дөңгелек пішіні желге төзімді болуына көмектеседі. Оның жылуды сақтау ерекшелігі де бар. Физика заңдылығы бойынша ыстық ауа ж­оғары көтеріледі. Мәселен, ошақтағы оттың түтінін шы­ғару үшін алдымен түндік ашылады. Оттың шоғы қыз­ғанда түндік жабылады. Сонда жоғары көтерілген жылу киіз үйдің ішіне біркелкі тарап, жылуды сақтауға мүм­кіндік береді. Жылу бар жерде жарық бар, жарық бар жерде жақсылық та көп болады ғой, – дейді Ұлан Үміт­қалиев.

Киіз үйде малдас құрып отырған әрбір пендені шек­сіз әлем туралы ойлар толғандырады. Себебі хал­қымыз шаңырақты – аспанға, күлдіреуішті – төрт та­рап­қа, уықтарды – күн сәулесіне, керегені көк­жиек­ке балаған. Қысқаша қайырсақ, киіз үй ғаламның кіш­кентай моделі іспетті. Мұндағы кеңiстiк – қазақ­тың бүкіл дүниетанымы тоғысқан жер. «Ғарышқа ұқ­сай­тын баспана» деген ғылыми анықтауышты көш­пенділердің өзі емес, мүлдем киіз үй тікпеген, төрт бұрышты тас тамда өмір сүрген батыс зерт­теу­ші­лері айтқан. Шынында да, түндігі ашылып, іргесінен түн­гі самал ескен отауда шалқасынан түсіп жатқан адам зеңгір көкте ай-жұлдызбен сырласқандай күй ке­шері ақиқат.

– Киіз үйдің ішінде ұйықтағанда, әсіресе жазда түн­­­дікті ашып қоямыз ғой. Сонда шаңырақтың орта­сындағы төрт бөлік төрт құбыланы көрсетіп тұрады. Көшпенділер шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстікті сол арқылы бағдарлаған. Аспан әлемін де шаңырақтан шол­ған. Мысалы, Үркер жұлдызының көтерілуіне қа­рап уақытты межелеген. Шолпан жұлдызына қарап таң атып келе жатқанын білген. Жетіқарақшының ау­дарылуына қарап түн мезгілін анықтаған. Бұл – бү­кіл дөңгеленген дүниені бақылау деген сөз. Сондықтан киіз үйді дала обсерваториясы деуге болады, – дейді Ұлан Үмітқалиев.

Әрине, қазақ қана емес, қырғыз, моңғол, ойрат, қара­қалпақ, түрікмен, тува, хакастар да киіз үйде ғұ­мыр кешіп, киіз туырлықты, ағаш уықты жұрт атан­ған. Моңғолияның малшы қауымы әлі күнге дейін «мұңғұл гэр» деп аталатын ықшам әрі жылы баспанада тір­шілік етеді. Алайда әр ұлттың салт-сана, наным-се­нім, болмыс-бітіміне сай киіз үйлерінде айыр­ма­шылық бар. Осыны ескерген ғалымдар көшпенділер тұрағын сипатына қарай «қазақ үй» және «моңғол үй» деп ­екіге жіктейді де, оларды «үй ағаштарының жа­салуы ұқсамайды; жамылғысының пішіліп, жабылуы ұқса­майды; сыртқы пішіні ұқсамайды; бау-шу, өрнек­тері, ішкі жиһаздалуы ұқсамайды» деп төрт бөлікке жинақтайды.

ТҮЙІН: 

Қара түгіл қаһарлы ханның өзін есігінен еңкейтіп кір­гізген киіз үйдің дөңгелек пошымында үлкен мағы­на жатыр. Қазақтың өмір сүру қағидасы текетірестерді айналып өтіп, мәміле жасауға, ортақ іске бірдей жұ­мылып, бейбіт қарым-қатынас құруға негізделген. Кон­ф­ликтология саласында бұл ұстаным «үшкір бұрыш­тары жоқ философия» деп аталады. «Біз – қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақ­тай білген елміз» деген ата-бабамыз да бұрышы жоқ киіз үйде өсіп-өнген. Батыс пен Шығыстың қақ орта­сында, өркениеттердің тоғысқан торабында отырған Қазақстан Елтаңбасына шаңырақ пен уық бейнесі бекер таңдалмаса керек.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ