Көкшетаудағы қалалық аурухана аумағында қайғылы оқиға тіркелді. Аурухана аумағынан 45 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қайғылы жағдай туралы қала тұрғындары хабарлаған. Олардың айтуынша, ер адам медициналық мекеменің терезесінен құлаған болуы мүмкін.
Оқиғаға қатысты ресми ақпарат алу үшін Ақмола облыстық полиция департаментіне сауал жолдадық.
Ведомствоның мәліметінше, 25 қарашада Көкшетау қаласындағы медициналық мекеме аумағынан 45 жастағы ер адамның мәйіті табылған.
- Алдын ала ақпарат бойынша, аталған азамат өз-өзіне қол жұмсаған. Осы дерекке байланысты қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әзірге қайғылы жағдайдың нақты себептері белгісіз. Тергеу нәтижесінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы