Сыр өңірінде «Халыққа жақын» жобасы бастау алды

Жоба халықпен тікелей байланыс орнатып, шалғай елді мекендер тұрғындарының талап-тілегін тыңдау, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге негізделген.

Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен Қызылорда облысында «Халыққа жақын» республикалық жобасы іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жоба халықпен тікелей байланыс орнатып, шалғай елді мекендер тұрғындарының талап-тілегін тыңдау, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге негізделген.

Жоба аясында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері облысқа қарасты Арал өңірінің еңбек ардагерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда Кеңес мүшелері Президент реформаларын жүзеге асырудағы қоғамның рөлі, өңірді дамыту перспективалары және халықпен байланыстың жаңа тетіктерін талқылады.

Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов еліміз Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезеңін өткеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы үдерісте азаматтардың белсенділігі мен қоғамдық институттардың рөлі айрықша.

«Биыл еліміз үшін тарихи жыл. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдумда қастерлі құжатымыз Конституцияны қабылдадық. Елімізде ауқымды реформалар іске асуда. Сіздер сол өзгерістердің бел ортасында жүрсіздер. Мемлекет басшысы қоғамға, елге қажет бастамаларды қолға алды. Бұл үдерістерге азаматтарды тартуда Қазақстанның Халық Кеңесіне маңызды міндет жүктеледі. Соның дәлелі ретінде бүгін алғаш болып, Арал өңіріне «Халыққа жақын» жобасымен келіп отырмыз», – деді Ерлан Қошанов.

Кездесу барысында Халық Кеңесінің мақсат-міндеттері мен өкілеттіктері кеңінен түсіндірілді. Бұл тұрғыда конституциялық мәртебеге ие болған жаңа институт азаматтардың ел дамуына қатысты маңызды шешімдерді әзірлеуге қатысуына мүмкіндік береді. Негізінен Кеңес жұмысының басым бағыттарына тұрғындардың өтініштері мен бастамаларын қарау, оларды сараптамалық тұрғыдан пысықтау, Үкіметке, Құрылтайға және Мемлекет басшысына ұсыныстар әзірлеу кіреді.

Осы мақсатта жоба шеңберінде Кеңес мүшелері мен салалық министрліктер өкілдерінен мобильді топтар жасақталған. Олар еліміздің барлық өңірін аралап, шалғай ауылдарға барады. Тұрғындарға Халық Кеңесінің қызметін таныстырып, өтініштерін қабылдайды. Сонымен қатар мемлекеттік органдармен бірлесіп, өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырады.

Жалпы мобильді топтардың назарында жұмыспен қамту, жастарды қолдау, медицина мен білім беру қызметтерінің қолжетімділігі, интернетпен қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік және экология мәселелері бар. Жергілікті деңгейде шешілетін мәселелер аудандық және облыстық әкімдіктермен бірлесіп қаралса, жүйелі сипаттағы ұсыныстар орталық мемлекеттік органдарға жолданады. Сонымен қатар жоба аясында тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікті дамыту және басқа да бағыттар бойынша кеңес беру қарастырылған.

Осы ретте жергілікті кәсіпкер Жансерік Нысанбаев мұндай бастаманың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Халыққа жақын» жобасы бізге көптеген пайдалы мәлімет алуға көмектесті. Осындай жобаны Қызылорда облысының ең шалғай елді мекендерінің бірі – Арал ауданынан бастағандарыңызға алғыс білдіремін. Кәсіпкерлік саласындағы білімімізді жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктермен танысуға жол ашқан оқыту курстарының да пайдасы мол», – деді ол.

Сонымен қатар Арал ауданының «Мансап» орталығы филиалының маманы Мөлдір Ақылбекова Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктері жайында ойын білдірді. Оның айтуынша, оқу барысында жұмыс іздеу, түйіндеме орналастыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы пайдалы ақпарат берілген.

Алдағы уақытта Халық Кеңесінің қызметін цифрландыруға да басымдық беріліп отыр. Кеңес мүшесі Бағдат Мусиннің қатысуымен азаматтардың өтініштері мен бастамаларын мобильді қосымша арқылы жолдауына мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе аяқталуға жақын. Бұл тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан, Кеңеспен тікелей байланыс орнатуына жол ашады.

Кездесуде Мемлекет басшысының реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Оның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын ілгерілету, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Президенттің биылғы Жолдауында белгіленген міндеттер мен «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық жобасының маңызы сөз болды.

Жұмыс сапары аясында Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов облыс басшылығымен бірлесіп, тұрғылықты залықты өздерін толғандырған мәселелері бойынша да қабылдады. Өз кезегінде халық тарапынан инфрақұрылымды дамыту, мектептер мен медициналық мекемелерді жаңғырту, жастарға кәсіби бағдар беру, цифрлық қызметтерді енгізу және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселелерін көтерді.

Бұдан бөлек, Халық Кеңесінің мүшелері өңірдегі бірқатар өнеркәсіп, әлеуметтік және мәдени нысанды аралап, жергілікті өндірістің дамуымен, инфрақұрылымның жай-күйімен және жастарға жасалып жатқан жағдаймен танысты.

Сапар соңында «Халыққа жақын» жобасын халықпен тұрақты байланыс орнатудың тиімді тетігіне айналдыру барысы сөз болды.

Алғашқы кезеңде Халық Кеңесінің мүшелері Марат Әзілханов пен Геннадий Шиповских бастаған мобильді топ Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарын аралайды.

Жадпы Қызылорда облысы еліміз бойынша аталмыш жоба қолға алынған алғашқы өңір саналады. Алдағы уақытта бұл тәжірибені еліміздің барлық аймағына тарату жоспарланып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы