Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Өртті сөндіруге 35-ке жуық қызметкер мен 9 арнайы техника жұмылдырылды. Сағат 04:42-де өрт толық сөндірілді. Оқиға орнынан бес адамның денесі табылды.

Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, бес адам қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Олардың арасында кәмелетке толмаған бір бала бар.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 26 қарашада түнгі сағат 03:44-те 112 қызметіне тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін төрт минутта оқиға орнына жеткен. Бұл кезде үй толығымен отқа оранған.

Өртті сөндіруге 35-ке жуық қызметкер мен 9 арнайы техника жұмылдырылды. Сағат 04:42-де өрт толық сөндірілді. Оқиға орнынан бес адамның денесі табылды.

Алматы қалалық Полиция департаменті қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өрттің шығу себебі мен адамдардың қандай жағдайда қаза тапқаны анықталып жатыр.