Асхат есімді желі қолданушысы Қазақстанның халық әртісі, әнші әрі композитор Ескендір Хасанғалиев туралы естелігін бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, ұлы әнші атасының жақын досы болған. Ол композитормен 15 жылдан астам уақыт бұрын бірге түскен суретін жариялап, балалық шағын еске алды.
«15 жылдан астам уақыт бұрын анам: "Сені Ескендір атамен суретке түсірейін, екеуіңнің бірге түскен бірде-бір фотоларың жоқ қой", – деген еді. Негізі біз жиі кездесетінбіз. Ол менің туған атамның жақын досы болған және мәңгі солай болып қала береді», – деп жазды Асхат.
Оның сөзінше, Ескендір Хасанғалиев жұбайымен бірге ай сайын достарының үйіне қонаққа барып тұрған. Олар бұл дәстүрді ұзақ жыл бойы жалғастырған. Әр басқосуда композитор пианиноның сүйемелдеуімен ән шырқайтын болған.
Асхат бала кезінде үлкендердің ортасында жүріп, оларға көмектескенін, кейде карта ойынынан ұтқан ақшаларын балмұздақ алуға бергенін еске алды.
Сондай-ақ ол өзінің сүйікті туындысы – «Сағындым сені» әнінің авторы атасының жақын досы екенін жуырда ғана білген. Әсіресе әннің Құрманай Омарова орындаған нұсқасын ерекше ұнататынын жеткізді.
Жазба авторының айтуынша, атасының сол кездегі достарының көбі қазір өмірде жоқ. Ескендір Хасанғалиев пен атасының жерленген орны да бір-біріне жақын.
«Шынымды айтсам, атамның үйіне достары жиналатын сол кештерді қатты сағындым. Олардың көбі қазір арамызда жоқ. Бірақ менің жүрегімде мәңгі сақталады. Білесіздер ме, олар өмірден өткеннен кейін де бір-бірінен алыстамаған. Бар болғаны бірнеше қадам жерде, бір-біріне жақын жатыр. Міне, нағыз достық деген осы», – деп жазды Асхат.
Айта кеткен жөн, «Сағындым сені» әнінің әуенін Ескендір Хасанғалиев, сөзін ақын Бәкір Тәжібаев жазған.