Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жасанды интеллектіні меңгерген талантты жастармен кездесті

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің даму процесі одан әрі үдей түсетінін, сөйтіп әлемнің дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 конференциясы аясында жастармен диалог жүргізді. Бұл туралы Ақорда жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазақстан Президенті халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеңімпаз атанған жасөспірімдерді осынау бірегей форумға қатысу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады. 

Оның айтуынша, бұл – өз қарым-қабілетіңді әлемге, соның ішінде мемлекеттер басшыларына паш ететін орайлы сәт.

– Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің даму процесі одан әрі үдей түсетінін, сөйтіп әлемнің дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

– Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мен цифрландыруға және жасанды интеллектіге басым стратегиялық міндет ретінде қараймын. Өздеріңізге мәлім, осы мақсатта биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланды. Бұл келесі жылы жұмыс тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Оның мәні – биыл біз осы жолда қарқынды қадам жасадық. Тиісті заңдар, нормалар қабылданды, яғни жасанды интеллектіні дамытудың заңнамалық-құқықтық негізі жасалды. Біз әлі діттеген мақсатымызға жеткен жоқпыз. Менің түсінігімде, жасанды интеллектінің серпінді дамуы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді. Әлі жасы жиырмаға да толмаған өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Өмірлерің алда, келешектің келбетін айқындау Сіздердің қолдарыңызда. Қазақстаннан келген азаматтарды ресейлік достарымызбен, серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп, өркениет жолына бірге қадам басуға шақырамын, – деді Президент. 

Мемлекеттер басшылары мен жастардың сұхбаты сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

Оқушылар мен студенттер президенттерге жауап беріп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын ғылым, білім, медицина, экономика салаларында және өнерде қолдануға қатысты өз ой-пікірлерін бөлісуге мүмкіндік алды. 

Қазақстан Президенті пікірталасқа қатысушылардың білімге құштарлығы толастамай, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. 

 Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістан елдерінен келген жас таланттар қатысты.