Көкшетауда егеуқұйрықтар қаптап, тұрғындардың зәресін ұшырды. Кеміргіштер қоқыс контейнерлерінің маңын ғана емес, тұрғын үйлердің аулаларын да еркін кезіп жүр. Әсіресе, олардың балаларға жақын жүруі жұрттың мазасын қашырған. Ал қала әкімдігі жағдайдан хабардар екенін айтып, дератизация жұмыстарын күшейткенін айтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Соңғы уақытта Көкшетау тұрғындары әлеуметтік желілерде егеуқұйрықтардың көбейіп кеткеніне қатысты бейнежазбаларды жиі жариялай бастады. Кадрлардан қоқыс жәшіктерінің маңын торуылдап жүрген кеміргіштерді көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, олар енді қоқыс алаңдарымен шектелмей, аулаларда да емін-еркін жүр.
Қала тұрғыны Сәния Сенбаева кеміргіштерді күн сайын дерлік көретінін айтады. Оның сөзінше, аулаларда үлкені де, кішісі де жүр. Тіпті, гараждардың маңын да паналап алған.
– Кеше өте көп егеуқұйрық көрдім. Шынымен де, өте көп! Үлкені де, кішісі де бар. Олар қайда қарасаң да толып жүр. Гараждардың маңында да, ауланың ішінде де кездеседі. Мен оларды үнемі көремін. Екі апта бұрын үлкендерін байқаған едім, қазір кішілері де, үлкендері де бар, – дейді Сәния Сенбаева.
Тұрғындарды алаңдататыны кеміргіштердің саны ғана емес, олардың балалар жүретін аумақтарда емін-еркін жүруі болып отыр. Өйткені егеуқұйрықтар түрлі жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Ал балалардың оларға қызығып, жақындауы санитарлық қауіпсіздік мәселесін одан әрі өзекті ете түскен.
Әкімдік не дейді?
Қала әкімдігі де қалыптасқан жағдайға алаңдаулы екенін жасырмады. Жауапты мамандардың пайымдауынша, кеміргіштердің көбеюіне қоқыс алаңдарында үйіліп қалған тұрмыстық қалдықтар себеп болған. Осыған байланысты қоқыс контейнерлері орналасқан аумақтарды тазалау және дератизациялау жұмыстары күшейтілген.
Көкшетау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің техникалық қадағалау секторының меңгерушісі Сәкен Назыровтың айтуынша, санитарлық талап бойынша контейнерлік алаңдар бір рет өңделуі керек. Алайда тұрғындардан түскен шағымдарды ескере отырып, кей жерлерде бұл жұмыс екі, тіпті үш рет жүргізіліп жатыр.
– Санитарлық нормаларға сәйкес, контейнерлік алаңдар бір рет өңделеді. Алайда қала тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, біз бұл жұмыстарды екі рет, кейде үш ретке дейін жүргізіп жатырмыз. Біз тек қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарды өңдейміз. Ал тұрғын үйлердің аумағы, шатырлары, жертөлелері мен төбелерін өңдеу жұмыстары үй иелерінің өз міндетіне жатады, – дейді Сәкен Назыров.
Осылайша, қала билігі контейнерлік алаңдарға қатысты шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен тұрғын үйлердің жертөлелері, шатырлары мен өзге де ортақ аумақтарын залалсыздандыру жауапкершілігі меншік иелеріне жүктеліп отыр.
Қоқыс алаңдарындағы тазалық пен дератизация жұмыстары күшейтілгенімен, тұрғындардың көкейінде тек бір сауал бар. Егеуқұйрықтардың аула кезіп жүруі қашан тоқтайды?
Кеміргіштермен күрес тек қоқыс контейнерлерінің айналасын өңдеумен шектелмей, тұрғын үйлердің жертөлелері мен аулаларын да қамтыса деген талап бар. Өйткені бұл бір ғана ауланың тазалығы емес, қала тұрғындарының, әсіресе балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.