Дауылдан зардап шеккен 32 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Тағы 42 баспана алдағы он күнде пайдалануға беріледі.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жазда болған жойқын дауылдан зардап шеккен 32 отбасыyа жаңа үйлердің кілті табысталды. Жаңа тұрғын үйлер облыс әкімдігінің резервінен бөлінген қаражат есебінен салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Баспаналардың ауданы бұрынғы үйлердің көлеміне сәйкес белгіленді. Сондай-ақ қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, үйлер электр энергиясы және сумен жабдықтау жүйелеріне қосылды.

Үй кілттерін табыстау рәсіміне Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов қатысты. Ол тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, мемлекет қолдауының арқасында табиғи апаттан зардап шеккен отбасылардың баспаналы болып, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік жасалғанын атап өтті.

Қарауылкелді ауылының тұрғыны, зейнеткер Тұрсын Мәтекбаеваның айтуынша, жаздың жаймашуақ күнінде мұндай алапат дауыл болады деп ешкім күтпеген.

«Дауылы, жауыны, найзағайы – барлығы бірден келді. Не болғанын түсінбедік. Есікті лақтырып жіберді. Үйдің ішін алып, төбедегі шиферді – бәрін ішке лақтырды. Бірақ әйтеуір адам аман болғанына қуандық. Бүгін өте қуаныштымын. Барлық осы игі іске атсалысқан азаматқа аналық алғысымды білдіремін. Қапелімде осындай дәрежеге жете қоямыз деп ойлаған жоқпыз», – дейді Тұрсын Мәтекбаева.

Еске салайық, 9 шілдеде Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында соққан жойқын дауыл салдарынан 314 тұрғын үй бүлінген болатын. Оның 220-сының иесіне өтемақы төленді. Ал тұруға жарамсыз деп танылған 74 үйдің орнына жаңасы салынды.

Дауыл әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға да зиян келтірді. Апаттан зардап шеккен 9 әлеуметтік нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептер мен балабақшалар 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілді. Қазір спорт кешенінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, облыстың төтенше резервінен 28 кәсіпкерлік нысанның шығынын өтеуге қаражат бөлінді.

Алдағы он күн ішінде тағы 42 жаңа баспананың кілтін табыстау жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.