Жаңа нөмірде экономиканың өзекті үш бағытына қатысты зерттеулер ұсынылған. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпалы, мемлекеттік бағалы қағаздарждың кірістілік қисығын құру әдіснамасы және валюта бағамының инфляцияға әсері талданған.
Бірінші зерттеу мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне арналған. Онда 2015-2024 жылдар аралығында жүзеге асқан индустриялық саясат бағдарламалары қарастырылған. Авторлар өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен талдау жасаған.
Екінші мақалада еліміздегі мемлекеттік бағалы қағаздарының іргелі кірістілік қисығын құрудың әдіснамалық тәсілі қарастырылады. Жекелеген сегменттерде байқалатын нарықтың кірістілік қисығының төмен өтімділік, қайталама нарықтың шектеулі тереңдігі, сұраныстың шоғырлануы және ұсыныстың құрылымдық факторлары салдарынан бұрмалануға бейім болуына байланысты зерттеу өзекті екенін көрсетеді.
Үшінші зерттеу валюта бағамының инфляцияға ықпалын бағалауға бағытталған. Сарапшылар айырбастау бағамындағы өзгерістердің тұтыну бағалары индексіне және импорттық тауарлар бағасына әсерін зерттеу үшін DSGE моделін әзірлеген. Модель әртүрлі күтпеген экономикалық өзгерістерді ескеруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл валюта бағамының өзгеруі ішкі нарықтағы баға деңгейіне қаншалықты әсер ететінін бағалауға арналған.
Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауда ең алдымен олардың бастапқы мақсаты мен нақты нәтижесіне назар аудару қажет. Оның пікірінше, Қазақстанда, әсіресе 2010-2017 жылдар аралығында, бағдарламаларды іске асыру барысында бастапқы индикаторлар мен басымдықтардың өзгерген жағдайлары болған. Ұлттық банк зерттеуі де осы мәселені көрсетеді.
«Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесін білу маңызды. Әр бағдарлама қабылданған кезде оның бастапқы мақсаты мен нақты индикаторлары белгіленуі керек. Алайда бізде кейбір бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бастапқы мақсаттар өзгеріп, назар басқа бағытқа ауысып отырған жағдайлар болды. Зерттеу осы мәселені жақсы көрсетіп отыр. Орындалмаған, ішінара орындалған немесе жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізілгенімен, ең маңызды индикаторлары орындалмай қалған бағдарламалар бар. Бірақ олардың нәтижесі үшін нақты кімнің жауапкершілік алғаны белгісіз. Көбіне негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өсті ме, жоқ па деген көрсеткішке де мән берілген. Жалпы зерттеу өте терең талданған», – дейді экономист Айбар Олжаев.
QAMS басқарма кеңесінің төрағасы Ерқанат Әбени мұндай құжаттар, әдетте, күрделі әрі ресми тілде жазылатынын, алайда бұл жолы қарапайым салымшылар мен облигация ұстаушылар үшін де пайдалы есептеулер ұсынылғанын атап өтті.
«Біздің борыштық бағалы қағаздар нарығында ірі сатып алушылар көп емес. Сондықтан зейнетақы қоры немесе банк тарапынан жасалған бір ірі мәміле нарықтық баға белгілеуді уақытша бұрмалауы мүмкін. Мұндай жағдайда нарықтық мөлшерлемелерді бірнеше кездейсоқ мәміле немесе сатушылардың сұранысына қарап, пәтердің нақты құнын бағалаумен салыстыруға болады. Бұл есепте Ұлттық Банк нарықтағы осындай ауытқуларды алып тастап, мемлекеттік облигациялардың әділ кірістілігін есептеді. Нәтижесінде бір жылдық облигациялар бойынша кірістілік шамамен 16,9%, ал бес жылдық облигациялар бойынша 14,9% болды. Бес жылдық облигациялардың кірістілігі бір жылдық көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Бұл нарық жоғары пайыздық мөлшерлемелер шегінен өтіп, алдағы жылдары теңгедегі кредиттер мен депозиттердің құны біртіндеп төмендейді деп күтетінін білдіреді», – деп атап өтті Ерқанат Әбени.
Ол сондай-ақ Ұлттық банктің есептеулерінде базалық мөлшерлемені ұзақ мерзімді перспективада біртіндеп 11%-ға дейін төмендету сценарийі негізге алынғанын айтты. Бұл нақты уәде емес, модельдік есептеулерге арналған бағдар екенін ескеру қажет.
Сарапшы шолуда Ұлттық банктің сақтық ұстанымы айырбас бағамының өзгеруі бағаға әртүрлі әсер ететінімен түсіндірілетінін де атап өтті. Егер теңге сыртқы дағдарыс немесе мұнай бағасының төмендеуі салдарынан әлсіресе, тауарлар бағасы тез өседі. Ал айырбас бағамы ішкі сұраныстың төмендеуіне байланысты өзгерсе, бизнес инфляцияны үдетпей, бағаны өз пайдасының есебінен ұстап тұруы мүмкін.
Экономикалық шолудың толық нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланған.