Отырыс барысында сайлауалды үгіт-насихат науқанының қорытындылары шығарылып, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының негізгі бағыттары қаралды. Сонымен қатар сайлаушылардан түскен аманаттар мен ұсыныстарға талдау жасалды.
Сайлауалды науқанды ұйымдастыру және өткізу мақсатында өңірде 1 облыстық, 3 қалалық және 17 аудандық, барлығы 21 штаб құрылды. 2-27 қараша аралығында шамамен 6,5 мың іс-шара өткізіліп, 175 мыңға жуық адам қамтылды. Бұдан бөлек, сыртқы үгіт-насихаттың 107 нысаны орналастырылып, 167 мыңнан астам баспа үгіт материалы таратылды.
«Сайлауалды науқан барысында тұрғындармен тікелей әрі ашық диалог орнатуға ерекше көңіл бөлінді. Еңбек ұжымдарымен, қала және ауыл тұрғындарымен өткізілген кездесулер өңірдегі өзекті мәселелерді анықтауға, азаматтардың ұсыныс-тілектерін жинақтауға мүмкіндік берді. Ендігі басты міндет – келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды жүйелі түрде қарастырып, оларды шешу жолдарын айқындау және cайлауалды бағдарлама аясында кезең-кезеңімен іске асыру», – деді «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.
Облыстық филиал төрағасының орынбасары Ақманат Әлімбетова 2026–2031 жылдарға арналған cайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының негізгі бағыттарын таныстырды. Құжат тоғыз басым бағытты қамтиды.
Атап айтқанда, 2031 жылға дейін автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 95 пайызға, халықты газбен қамту деңгейін 70 пайызға жеткізу, шағын және орта бизнестің 255 жобасына қолдау көрсету, 4 920 оқушы орнының құрылысын қамтамасыз ету, 11 отбасын қолдау орталығын ашу және бірқатар инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру көзделген.
«Жол картасындағы әрбір іс-шара бойынша нақты мерзімдер, нысаналы көрсеткіштер мен жауапты орындаушылар белгіленген. Сондықтан бағдарламаның іске асырылуына жүйелі бақылау жүргізу, атқарылған жұмыстардың сапасына және олардың өңір тұрғындарының күнделікті өміріне тигізетін нақты әсеріне ерекше назар аудару маңызды», – деп атап өтті Ақманат Әлімбетова.
Сондай-ақ отырыс барысында сайлаушылардан келіп түскен 100-ден астам аманат пен ұсынысқа жүргізілген талдау нәтижелері таныстырылды. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу бағыттарына қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша, сайлаушылардың аманаттары мен ұсыныстарын жүйелеу, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жолдау және Жол картасының іске асырылу барысына тұрақты мониторинг жүргізу жөніндегі алдағы міндеттер айқындалды.
Кездесу соңында Берген Беспалинов сайлауалды науқанды ұйымдастыруға және өткізуге белсенді атсалысқан кандидаттарға, сайлауалды штаб мүшелеріне және партия белсенділеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.
«Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі дайындады.
Тапсырыс беруші: Б.М. Беспалинов
Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «Әділет» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.