Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, биыл облыс бойынша 75,5 мың гектар жерге мал азығы дақылдары егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 мың гектарға артық. Сондай-ақ ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 76,6 мың гектар жайылымдық және шабындық жер толықтай суландырылыпты.
Жалпы, биылғы қысқы маусымға 996 мың тонна табиғи шөп, 202,1 мың тонна жем, 161,7 мың тонна сабан және 9,6 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланған. Бүгінде жоспарлы көрсеткіштер артығымен орындалып, 1 млн 16,6 мың тонна шөп, оның ішінде 329,5 мың тонна жоңышқа, 207,3 мың тонна жем, 168 мың тонна сабан және 9,7 мың тонна сүрлем әзірленген. Мәліметке сәйкес, өңірде жемге деген қажеттіліктің 80 пайызы жергілікті күріш өңдеу кәсіпорындары арқылы қамтамасыз етілсе, қалған 20 пайызы республиканың өзге өңірлерінен жеткізілген.
Негізінен мал азығы қорының жеткілікті болуы төрт түліктің өсіміне де оң ықпал етіп тұрғаны да байқалады. Бұл тұрғыда 2026 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, облыста 417,8 мың бас ірі қара, 762,9 мың бас қой мен ешкі, 280,6 мың бас жылқы, 67,6 мың бас түйе және 127,7 мың бас құс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара саны 0,7 пайызға, қой мен ешкі 0,4 пайызға, жылқы 6,4 пайызға, түйе 2,9 пайызға, құс 2,4 пайызға өскенін көрсетеді.
Сондай-ақ есепті кезеңде 31,5 мың тонна ет (тірі салмақта), 41 мың тонна сүт және 7 млн 12,4 мың дана жұмыртқа өндірілді. Нәтижесінде, ет өндірісі 3,4 пайызға, сүт 4,8 пайызға, жұмыртқа 4,7 пайызға артқанын мәлімдейді басқарма тарапынан.
Жалпы, облыста мал азығын дайындау жұмыстары белгіленген межеден асыра орындалып, қысқы кезеңге қажетті қормен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік тудырып тұр. Мал басы мен өнім өндіру көлемінің өсуі бірінші кезекте өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамуын көрсетеді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы