Дегенмен қарызды мерзімінен бұрын ішінара өтеудің екі тәсілі бар және олардың әрқайсысының қаржылық тұрғыдан өзіндік артықшылығы бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қарызды ішінара өтеген кезде азамат несие мерзімін қысқарта алады немесе ай сайынғы төлем мөлшерін азайта алады.
Бірінші жағдайда ай сайынғы төлем өзгермейді, бірақ азамат банк алдындағы міндеттемесінен ертерек құтылады. Бұл тәсіл, әдетте, несие бойынша жалпы артық төлемді азайтуға мүмкіндік береді. Ал екінші жағдайда қарызды өтеу мерзімі сақталып, ай сайын төленетін сома төмендейді. Мұндай шешім күнделікті шығыны көп немесе табысы тұрақсыз азаматқа қолайлы болуы мүмкін.
Дегенмен несиені ерте жабу үшін қолдағы барлық қаражатты жұмсау әрдайым тиімді емес. Күтпеген шығын туындаса, жинағы қалмаған азамат қайтадан қарыз алуға мәжбүр болуы ықтимал. Сондықтан қаржы мамандары қарызды мерзімінен бұрын өтеу туралы шешім қабылдағанда қаржылық қордың болуын да ескеруді ұсынады.
Қазақстанда 2025 жылғы 31 тамыздан бастап жеке тұлғаларға несиені мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы салуға тыйым салынған. Бұл талап бұрын жасалған келісімшарттарға да қолданылады.
Сонымен бірге қаржы ұйымдары қарызды мерзімінен бұрын өтеудің ішкі тәртібін, оның ішінде төлемнің ең төменгі мөлшерін, өтініш беру мерзімін және есеп айырысу күнін белгілеуге құқылы. Ипотекалық несиесін толық жапқан азаматтар баспананы кепілден шығару тәртібін де алдын ала нақтылап алғаны жөн.