Киноға түспек болған астаналық 1 миллион 690 мың теңгесін әрең қайтарып алды

Алайда сабақ та, фильм түсірілімі де басталмаған соң, ақшасын қайтару үшін мемлекеттік органның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Елорда тұрғыны актерлік шеберлікті меңгеріп, киноға түсу үшін 1 миллион 690 мың теңге төлеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алайда сабақ та, фильм түсірілімі де басталмаған соң, ақшасын қайтару үшін мемлекеттік органның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, астаналық жеке кәсіпкермен келісімшарт жасасқан. Уәде етілген қызмет көрсетілмегендіктен, кәсіпкерге шартты бұзу және ақшаны қайтару туралы жазбаша талап жолдаған. Дегенмен келісімшартта көрсетілген мерзімде қаражат қайтарылмаған.

Мәселе елордалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін шешілген.

Департамент басшысы Еркебұлан Тағашовтың айтуынша, азамат қызмет көрсету туралы шарттан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда кәсіпкер нақты жұмсаған, құжатпен расталған шығынын ғана ұстап қала алады.

– Ал қызмет көрсетілмесе және ешқандай шығын жұмсалмаса, төленген қаражат толық қайтарылуға тиіс, – деді департамент басшысы.

Бұл талап актерлік шеберлік курсымен ғана шектелмейді. Ақылы тіл үйрету, кәсіби даярлау және басқа да қызмет көрсету бойынша шарт жасасқан азаматтар да осы құқықты пайдалана алады.

Министрлік мұндай жағдайда тұтынушыларға талабын нақты көрсетіп, растайтын құжаттарды қоса тіркеп, кәсіпкерге жазбаша шағым жолдауды ұсынады.